Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  95


Автор: Серік Тұрғынбеков

НЕГЕ БІЗ ОСЫ?!.

...Ерлікті өстік аңсап біз,
Елдікті өстік аңсап біз.
Бағынбай шекпен-шендіге,
Табынбай таққа – мансапсыз.
Көшіп бір жүрдік кең жерде,
Домбыра тартып, ән сап біз.
Өркендеп өстік
Өлкемде –
Өтірік,
Өсек-жаңсақсыз.
Әкеміз – Батыр еді ғой,
Шешеміз – Асыл еді ғой,
Неге біз осы қорқақпыз,
Неге біз осы жалтақпыз?!
Неге біз осы?!.
....Айдаса біреу – көнгішпіз,
Алдаса біреу – сенгішпіз,
У берсе – іше береміз,
От-суға түсе береміз.
Желіктіргенге желп етіп,
Еліктіргенге елп етіп,
Аңдамай дос па, дұшпан ба,
Соңынан неге ергішпіз?!
Басқанікін мін демей,
Өзгелерді күндемей,
Өзіміздікін көргішпіз.
Неге біз осы?!.
...Арманға, рас, асықпыз,
Асудан біраз асыппыз.
Тасудай біраз тасыппыз,
Айрылып малдан – байлықтан,
Қалған да кез бар кәсіпсіз.
Жайшылықта көсіліп,
Жау тигенде өшігіп,
Басымызды қосыппыз!..
Өлімге қимас бір-бірін,
Өмірге құштар ғашықпыз.
Жылмиып келсе сыр бермей,
Жауға да құшақ ашыппыз.
Күндердің бір күнінде
Баса көктеп әлдекім
Есіктен кіріп төрлесе,
Байлығыңды бер десе...
Атадан қалған мүлікті,
Асырап-баққан түлікті
Алды-артына қаратпай,
Ағызып судай шашыппыз.
Неге біз осы жасықпыз?!
Неге біз осы...
Неге біз осы...
Неге біз осы?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу