Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  112


Автор: Серік Тұрғынбеков

Ұялаған кеудемнің түбіне мұң...

Ұялаған кеудемнің түбіне мұң,
Қорықпаймын келсе де бүгін өлім.
Шүберекке түйіп ап қу жанымды,
Шындық үшін шырқырап жүгіремін.
Күнкөрістің көлеңке қалқасында,
Білгенімді айта алмай бұғып едім.
Көргенсіздің көгенсіз қылығына
Көз жасымды көрсетпей сығып едім.
Шынысында шарабы шайқалғанда,
Атылмаған бұрқ етіп тығын едім.
Айта алмаған ашынып сөзім болса,
Аш күзендей бүрісіп бүгілемін...
Сабасына піспегі сай келмеген,
Күмпілдейді құр босқа күбі көңілім.
Әдібіне кестесін келтірем деп,
Әділдікке басымды тігіп едім.
Әлдекімнің кесірі тиіп кетіп,
Жазбаса екен достықтың жұбын елім...
Айтып-айтпай не керек?..
Ақырында –
Ақиқаттың алдында жүгінемін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу