Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  78


Автор: Серік Тұрғынбеков

Басқадан менің мұңым басымырақ...

Басқадан менің мұңым басымырақ,
Басқадан менің жырым асылырақ.
Естіртіп өз үйімді кетсем деймін
Халқымның ойдан-қырдан басын құрап.
Басқадан менің жүгім ауырырақ,
Көңілдің шыңы шөгіп, тауы құлап.
Бәрін де жөндестірем деп жүргенде
Тірліктің таусылмады-ау дауы бірақ...
Жиям деп жүрсем бәрін Жыр отауға,
Тартады бірі – тасқа, бірі – тауға.
Халқымның мұз боп қатқан шер-шеменін
Жарасам жалғыз сөзбен жылытуға.
Кезінде бүкіл адам басын қосқан,
Сөзімді ашық айтсам жасырмастан.
Солардың сырын жазған, мұңын жазған
Артымда қалса, шіркін, асыл дастан.
Дастархан дәм татырып адал астан,
Көріссе құшақтасып – амандасқан.
Бар әлем сиып кетсе біздің үйге
Бақыт бар демес едім одан асқан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу