Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  82


Автор: Серік Тұрғынбеков

Осы бір жай көңілімде түйін боп...

Осы бір жай көңілімде түйін боп,
Хал-жағдайым бара жатыр қиын боп.
Саяжайды тілемеймін тау жақтан,
Әлі күнге басы бүтін үйім жоқ.
Әлі күнге көмір тасып, от жағам,
(Түнде – ұйқым, күндіз – күлкім тоқтаған).
Көрінгенге кіжінемін күйініп,
Әлдекімге сөз айтуға оқталам.
Әлдекімді боқтап қоям сыртынан,
Өз-өзімнен өрекпимін, жұлқынам.
«Миы мықты» министрдің баласы
Маған қарап күлетіндей мұртынан.
Жетім өстім,
Ерте кетті еркелік.
Күні-түні тырбансам да тер төгіп,
Байлық шіркін бермеген соң шылбырын,
Бір күрмеуге келмей қойды келте жіп.
Кейде тіпті ырза болмай барына,
Балалардың құлақ аспай зарына.
Емшек күткен жетім бала секілді,
Жаутаң-жаутаң қарап қоям жарыма.
Мен байғұсқа қарайтындай ол да аяп,
«Қайда барса, қойды-ау жолы болмай-ақ!» –
Деп ішінен күрсіне ме,
Кім білсін?!.
Әйел жаны қандай адал, қандай ақ.
Содан кейін!
Сілкінем кеп, сілкінем.
Түн ішінде түрткендей-ақ бір түлен.
Кегімді алам талап кеткен «қасқырдан»,
Өшімді алам алдап кеткен «түлкіден».
Тұрғандай-ақ аспан ән сап, тау жырлап,
Құлпырғандай қалған кеше бау құрғап.
Күміс теңге, алтын ақша жауғандай
Қалың ағаш арасынан саудырлап.
Менің жарым
Ай қабақты, ақ маңдай,
Тілегенін енді ғана тапқандай.
Қызыл-жасыл жапырақты төгілген
Түгел жиып үлгіре алмай жатқандай.
Ал, мен болсам,
Тасты бұзып, мұз жарып,
Мәз боламын тиген жерде із қалып...
Бәз баяғы министрдің баласы
Енді маған қарайтындай қызғанып.
Әр дәуірдің,
Әр дауылдың тұсында,
Түстім талай қиналысқа – қысымға.
...Қайта-қайта қаламыма қараймын
«Қандай ғажап сиқыр бар, – деп, – ұшында!..»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу