Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  81


Автор: Серік Тұрғынбеков

Жарылшы жүрек ағынан...

Жарылшы жүрек ағынан,
Табылшы көңіл бабынан.
Қаншама құлаш ұрсаң да,
Аспайды балта сабынан.
Домбырамды әкелші,
Берейін шырқап тағы да ән...
Құла түзде көңілім
Құландай безген қағынан.
Тумысы тұлпар болмаса,
Шықпайды жүйрік жабыдан.
Асауға тұсау түспейді,
Түртпесе біреу шабынан.
Жаратып мінген бедеу ат
Патшаның артық тағынан.
Ақынға асқан бақыт жоқ
Шабытты тұрған шағынан.
Жазмыштан озып кетпеген
Болса да небір бағлан.
Тұғырға шығар жігітті
Тұрқынан халқы таныған.
Артық қойған Ел ісін
Жеке бастың қамынан.
Намысын жатқа бермеген,
Жігерін тасқа жаныған.
Ақылы кемел кісінің
Кетпейді халқы маңынан.
Тұрады жұпар жел есіп
Жақсының ылғи жанынан.
...Тұла бой иіп, елжіреп,
Туған жер, сені сағынам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу