Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  82


Автор: Серік Тұрғынбеков

Үрейлі болып мен кей күн...

Үрейлі болып мен кей күн,
Өзіме өзім сенбеймін.
Кемедей тартқан жүрекке
Кеудеме жүкті теңдеймін.
Осынау фәни дүниеге
Мыңдары келген мендейдің.
Ажалым жетер бір күні,
Бәрібір оны жеңбеймін.
Өлгенше менде тыным жоқ,
Өзіме маза бермеймін.
Қырылдап даусым қалғанша,
Үніндей ескі кернейдің.
Біреуге шалқар көлдеймін,
Біреуге асу белдеймін.
Көктемім келсе көксеген
Көкорай көңіл көгіне,
Көшіп бір қонған елдеймін.
Басыма қысым – қыс түссе,
Қаңтарда жауған қардан соң
Қымтанып қалың көрпесін
Жатып бір қалған жердеймін.
Ағымнан бір күн жарылсам,
Ағыны қатты дариядай
Ағыл да тегіл селдеймін.
Бәрібір, Тағдыр, мен сенің
Алдағаныңа сенбеймін.
...Тәлкегіңе де көнбеймін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу