Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  85


Автор: Серік Тұрғынбеков

ҚЫЗ ҚУУ

Еліктей тастан-тасқа қарғып өткен –
Еңістен шыға келді арғымақпен.
Шу шандоз шапқан жерін ақ шаң қылып,
Көз жазып қыздың өзі қалды көптен.
Жігіт те жарты қадам қалды жетіп,
Тізгінге ерік беріп, алды бекіп.
Кеткенде қыз құйғытып, қалар жігіт
Бір жалын жібергендей шарпып өтіп.
Тағы да жеткізбеді-ау, үміт қылып,
Кім аңдар мұның сырын ұғып-біліп.
Жігітке жеткізбесін сезген қыз да
Тізгінін тежей түсер күліп тұрып.
Не пайда іштен тынып, өкінгенмен,
Не пайда белді буып бекінгеннен?!
...Шынында, оңай ма екен ойлағанға –
Арманға арғымақпен жету деген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу