Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  104


Автор: Серік Тұрғынбеков

БОЙЖЕТКЕН

Кезің піскен, көзге түскен бойжеткен,
Тоқтап күшпен, тынып іштен, ой кеткен.
Арбағанға олжа болып жүрмегей,
Талғағанға табылғайсың бейнетпен.
Нәзікпісің күні жеткен гүлден де,
Өте шығар мына талай жыл демде.
Өзгелердің от өзегін тілгейсің
Өзіңе өзің ғашық болып жүргенде.
Бастан кешкен... кетпей естен, айта алмай...
Қос анарың алқа төстен байқалмай,
Бұл тағдырың боп жүрмесін, қарағым,
Жұмыртқадай қалып қойған шайқалмай.
Өз жолыңа, өз бағыңа енді асық,
Өзге жанда жасырынған кенді ашып.
Саған ынтық болып жүр ме көп жігіт,
Бәлкім, жұрттың барлығына сен ғашық?..
О, бойжеткен, ақтарылсаң – ақтарыл,
Бақытыңды баян етіп, қақ дабыл!
Бұл күніңді сағынарсың, аңсарсың,
Барлау жасап сонау алыс шаққа бір.
Толқып нұрдан, қылпып тұрған кезің бұл,
Құмарыңды басып бір сәт көз ілдір.
Білектердің қызығына бой ұрмай,
Жүректерді өртейсің бе, өзің біл!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу