Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  103


Автор: Серік Тұрғынбеков

ҚҰС БАЗАРЫ

Жібек желін жаз үрлеп,
Бір басылып, бір тынып...
Көлден ұшқан қаз-үйрек
Айрылады жыртылып.
Кім сарғайтар гүлдерді,
Күз келмесе сұстана.
Ала жаздай бұл жерді
Мекен еткен құс қана.
Құс қанатын жайдырған,
Қауырсынды ормандай.
Ат шаптырым айдыннан
Алақандай жер қалмай.
Жабыққандай көл-дағы,
Бір жан көрмей бұл елден.
Қалың құстың салмағы
Қайыстырып жіберген.
Қай мергенге бұйырып
Қалар екен бұл байлық?!
...Жаз етегі жиылып,
Күз кетпесін жұрдай ғып.
Міз бақпайды көл беті,
Ызғақтайды салқын жел.
Дүниені тербетіп,
Иіді енді алтын бел.
Қазынаның қойнына
Құс құрытып құлқынын,
Келді адамдар
Мойнына
Асып бір-бір мылтығын.
Өліп-өшіп қызылға,
Осы араға келгенде
Құс базарын бұзуға
Қысылып тұр мергендер.
Көлдің беті құрандай,
Атып салса қай бірі...
Қайсы екенін біле алмай,
Қалып жатыр айрылып.
Құлағанның, ұшқанның
Қалмас бәрі аян боп.
Көптігінен құстардың
Қайтып кетті «таяқ» жеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу