Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  75


Автор: Серік Тұрғынбеков

ҚАРАӨЗЕК ШАҚ

Қараөзек шақ...
сырласайық тағы бір,
Самайымда қыстың қалған ағы жүр.
Маңайымда жіңішкеріп жуанның,
Жіңішкенің үзілетін шағы бұл.
Кім-кімнің де арқалаған жүгі бар,
Өзің жайлы сыр айтамын, ұғып ал.
Соңғы нұрын сай-салаға сейілтіп,
Күн де сонау көкжиекке жығылар.
Тірлік мынау, адам да аман, мал да аман,
Бала күліп, жадырайды шал маған.
Дәнекерсің дала төсін идіріп,
Қыс пен көктем аралығын жалғаған.
Бұлақтарды арнасында бұлқынтып,
Құрақтарды жар басында сілкінтіп.
Қара жаңбыр құйып өткен кезде бір
Көктер басын шыға келер қылтитып.
Көрдім сені бүршік жарған ағаштан,
Көрдім сені гүлден бүрін жаңа ашқан.
Қараөзек шақ көздің қарашығындай,
Қазбауыр бұлт, жасыл жаға, ақ аспан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу