Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  75


Автор: Серік Тұрғынбеков

Сағым далаға

Сағым далаға
салт атпен шықтым салдыртып,
Сылаң күреңнің
ақ сабын терін алдыртып.
Қасқырдың ізін,
түлкінің ізін көп қудым,
Қарсақтың ізін
құба жондарда қалдыртып.
Ақ шоқыларға
шұғыла шашып шоқ жанар,
Болсаң сен егер
көз майын тауысып көп қарар.
Қиястау қырдан
қарғып бір кеткің келеді,
Өткізбей, әттең,
опынтып қойды-ау оппа қар.
Айналаң түгел
төгілген іркіт, ақ айран,
Қылт еткен қара
көрінер емес маңайдан.
Бойыңнан бу боп
бұрқырап ұшып жатады
Төгілген терің самайдан.
Әне бір қоян
бұлт ете қалды бүйірден,
Бөлініп қалған
үймелеп жүрген үйірден.
Қан күрең қарға
шомылып кеткен шығар-ақ,
Шырқау бір шығып,
жеміне шұғыл шүйілген.
Әбігер болды
әр жерден бір-ақ шаң беріп,
Далада қалды
тері тон менен нән бөрік.
Қоянға жетсе,
терісін ұлма-жұлма қып,
Жан алар, яки жан беріп...
Ақ көбік қарда
ақ ұлпа аппақ мақта боп,
Қарайған шоқы
қалатындайын қақпа боп.
Сүңгіп бір кетті
ақ шымылдықтың ішіне,
Құр өзі қалды –
қоян да жоқ,
ат та жоқ.
Қан күрең тұрды
қапысын алып қояннан,
Жан жүйем нұрлы
жаңа бір күндей оянған.
Адырдан асып,
аяңдай басып келемін,
Қанжығам менің
қып-қызыл қанға боянған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу