Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  100


Автор: Серік Тұрғынбеков

ҚАРА НАН

Дархан дала аялаған түйір дән,
Тумысымнан маңдайыма бұйырған.
Сенің ыстық хош иісті деміңді
Сеземін мен сонау алыс қиырдан.
Бар болған соң кепиеті соғары,
Құраннан да қойған сені жоғары.
Басындағы бағын тепкен жандарды
Қара нанның жібермесін обалы!
О, қара нан, қасиетті қара нан,
Өн бойыма тамыр болып тараған.
Өзің барда жағам жайлау, жаным тоқ,
Өзің барда дүние түгел, бәрі аман.
Келесің сен тіршілікке терменен,
Тек сен үшін қарыздармын жерге мен.
Қадіріңді бәлкім сенің білмес-ау
Жоқшылықтың дәмін татып көрмеген.
Кең даланың көз жетпейді шетіне,
Алтын астық біткен менің ниетіме.
Тіршіліктің қантамыры сен бе едің
Қара жердің ойнап шыққан бетіне?!
О, қара нан, күш-қуатым – қайран нан,
Кіндігімсің туған жерге байланған.
Қара нанға тойған жақсы,
Ал бірақ
Дұрыс болар ол жайлы да ойланған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу