Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  127


Автор: Серік Тұрғынбеков

ТОРҒАЙ ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ

Тотыдай таңда таранып,
Толысып өскен Торғайым.
Төсіңнен сенің нәр алып,
Түлеген тыңда тал-қайың.
Тасытып табыс қазанын
Таңдантқан туған елімді.
Талмайтын тарлан қазағым,
Тыншымай төктің теріңді.
Тамсана айтар сырым көп,
Тағы да бір сәт бұрқандым.
Тамыры жердің дірілдеп,
Тұяғы тисе тұлпардың.
Төндіріп бұлтты аспаннан
Таңдарды талай атырдым.
Аманкелдіден басталған
Бұл даладағы батырлық.
Есімі Торғай бүгінде
Естілер ерлік атындай.
Сайраған бұлбұл тілінде
Сандуғаш сынды ақындай
Қашаннан келе жатқан бұл
Қасиетті мекен – қарт Торғай.
Байлығы бүгін мақтан жыр,
Бағасы әбден артқандай.
Шежіре шимай бетінде
Оқисың бәрін іркілмей.
Қалған бір жердің шетінде
Қазақтың көне мүлкіндей.
Өсірген талай ер ұлын,
Торғайым, сүйер ел сені.
Қазақтың байтақ жерінің
Кішкене ғана бөлшегі.
Санамда менің бір ұғым,
Естілер жылы құлаққа.
Білімнің шашып ұрығын,
Ыбырай шыққан шырақта.
Қан сорған, талай кектенген,
Томсарған тұмса дала, бел.
Сейітқұл салған кетпеннен
Семірген мынау қара жер.
Қаралы күндер қапа-мұң,
Даланың тәні қақсаған.
Әлемге алғаш сапарын
Әліби сенен бастаған.
Әуені бөлек әсем бір
Әсерлеп айтар ән-жырдай.
Жайнады байтақ жас өңір
Жасарған қайта Жамбылдай.
Жаз келсе желек жамылар,
Жоқ оның бақша-баулары.
Тек қана көзге шалынар
Астықтың асқақ таулары.
Аралап егін алабын
Асасың әрі бөгелмей,
Ғажайып мынау даланың
Қожасы бізбіз дегендей.
Ақтылы қойлы атырап,
Талады белі табыстан.
Айнадай көлі жарқырап,
Айдында аққу, қаз ұшқан.
Осының бәрі өмір ғой,
Қолынан адам өзгерткен.
Мына бір жуас қоңыр қой
Соңынан егіз қозы ерткен.
Жастық бір думан, жастық – ән,
Әуені асқақ не түрлі,
Әне бір қырдың астынан
Естіліп жатқан секілді...
Шабытты жастар бар мұнда,
Шақырған сені жар салып.
Ақ шаңқан үйлер алдыңда,
Алдыңда – ару Арқалық.
Алдыңда қақпа, ал осы
Қақпадан айқын танып ал.
«Арқалық – жастар қаласы»
Деген сөз көзге шалынар.
Кірген соң барып ішіне
Қызықты мұндай таппассың.
Жасампаз жастар ісіне
Қалайша таңдай қақпассың.
Құштар боп мәңгі жаңаға,
Үмітін елдің ақтаңдар.
Арқалық атты қалаға
Ағылып келіп жатқандар.
Бастауы сенсің бір әннің,
Шырқайды соны думанды ел.
Қияға ұшқан қыранның
Тұғыры болған туған жер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу