10.06.2022
  111


Автор: Серік Тұрғынбеков

ЖАЙЛАУДАҒЫ ТОЙ

Әуелден жыр құшағы,
Ән қойнауы,
Атақты Ескененің хан жайлауы.
Ғажап қой –
Бұл араның бұлағы да,
Тіліңе татып қалсаң – балдай демі.
Бұл күнде жатар дейсің кім жайланып,
Асыққан бәрі тойға ыңғайланып.
Сан ғасыр жайбарақат жатқан жартас,
Әп-сәтте шыға келді шыңға айналып.
Әр жерде шоғырланған тал-қайың да,
Таулардың жапырлап тұр шалғайында.
Тұлпардың бір тер бардай тал бойында,
Сұңқардың бір ән бардай таңдайында.
Ақ адыр бірте-бірте ажарланып,
Дүние бара жатыр базарланып.
Әнеки, шың басында қыран отыр,
Бір сәтке қылт еткенді назарға алып.
Таң ата ұлан тойға бері асығып,
Аттанды «Қайдасың, – деп, – Қарашілік?!»
Байлаулы Сейфолланың сәйгүлігі,
Бұлқынып, тыным таппай аласұрып.
Елеңдеп, бір дүбірге елегізіп,
Тұлпар да,
Тұра алмай тұр,
Дене қызып.
Жан-жақтан хан жайлауға
Жиылған жұрт,
Қарайды,
Дегендейін:
– Кәне, қызық!
Бәрі де сәйгүліктің маңайына,
Жиылып,
Таңдау түсті талайына.
Жас та жүр түбіт мұрты тебіндеген,
Қарт та жүр қырау түскен самайына.
Біреуі:
– Ғажабын-ай, ғажабы!... – деп,
Біреуі:
– Айта алмаймын озады, – деп.
Бірі айтты:
– Барған сайын бауырын жазып,
Арқасы шапқан сайын қозады! – деп.
– Бір мін жоқ, – деді біреу, – тұлғасында,
Жүйрік жоқ бұдан асар бұл ғасырда! –
Сейфолла мұның бәрін естіп-біліп,
Күлімдеп құр әшиін тұр қасында.
– Жә! – деді сосын,
– Ел-жұрт сауық көрсін,
Тұлпардың алды толы қауіп пен сын.
Тараңдар!
Содан кейін білерсіңдер,
Алдымен топқа түсіп шауып көрсін.
– Сейфолла! – деді бірі соңына еріп, –
Тұрған соң сөз сұрайын жөні келіп.
Аты кім нәрестеңнің, өзің айтшы,
Ат қоса біз де алыстан келіп едік.
Шаттықты қалар дейсің сезінбей кім,
Ұшқыны байқалғандай көзінде ойдың.
– Аты оның – Садуақас, білгің келсе,
Жақында түс көріп ем... өзім қойдым.
Ашпайтын жан сарайы – есігін көп,
Сейфолла көңілінің хошы гүлдеп.
Бұрылып жүре берді әлгі байғұс:
– Бұрында естімеген есімім! – деп.
Сейфолла жақтыртпастан жалт қарады,
Бардай-ақ әлгі жанда шарт-талабы.
Тұрды да сәл бөгеліп,
Содан кейін...
Қалың ел Тойтөбеге тартқан әрі.
...Таулары Ақадырдың қатпар-қатпар,
Мүдіріп, сүрінбейді шапқанда аттар.
Кеткендей күздің өзі жазға айналып,
Әр жерден қылаң беріп ақтаңдақ қар.
Болса да кеше дауыл, кеше дүлей,
Күн бүгін қатқыл емес кешегідей.
О, ғажап!
Ат жарысқа қосылыпты
Әбеннің әкесінің есегі де.
Аттардың алмас ешкім есебін де,
Белгісіз созылары неше күнге.
Қосылған қос ғашықтар,
Түн жамылып,
Тып-тыныш жата алмады төсегінде.
Толассыз ән айтылып, жыр айтылып,
Қалған жоқ есті сөзден былай тұрып.
Күндіз-түн қымыз ішкен ақсақалдар,
Дүкенін әңгіменің құрай тұрып.
Қыз қуу,
Палуан күрес,
Айтыс – ақын.
Түрі жоқ бір-бірінен қайысатын.
Солардың шет жағында кедейлер жүр,
Тебініп торы шолақ – байғұс атын.
Кедейлер аямайды жанын ізгі:
– Ағартып атыратын таңымызды,
Паһ, шіркін!
Бір ұл нағып тумады, – деп, –
Біздің де ойлайтұғын қамымызды!...
Алыстан естілгенде ат дүбірі,
Жаңғыртып даңғараны қақты бірі.
Жалпақ ел соған қарай жанталасты,
Жалғанның ашылғандай бақ-ғұмыры.
Адырдың әр жағынан көтеріліп,
Қою шаң – бейне жанған от өріліп.
Алыстан қылаң берді құла қасқа,
Құр босқа кетпегендей бекер үміт.
Аттар да жақындады тасырлатып,
Шу басып құлағыңды,
Басың қатып.
Әртүрлі көйлек киген шабандоздар,
Көз алдын –
Қызылдатып, жасылдатып.
Ақ шаңның арасынан дара шығып,
Айдынын басқалардан сәл асырып.
Көрінді құлақасқа
Көзге айқын,
Содан-ақ біліп қалды шамасын жұрт.
– Ой, мынау Құлақасқа!
– Құлақасқа!
Дегенге Сейфолла да құлақ асқан,
Жан-жақтан,
Жапырласып-дүрліккен жұрт,
Көз көріп,
Кім екенін сұрамастан.
– Ой, мынау, Сейфолланың кер құласы,
Сілтенген семсердейін ер құлашы.
Болса да қанша қатты –
Сәтке тәтті,
Қобалжып,
Кірпігіне келді жасы.
Куә ғой – Сейфолланың тойы бұған:
Көзінің мөлт-мөлт еткен мойылынан.
Сипалап сауырынан,
Жалын құшып,
Құшақтап тұрды біраз мойынынан.
Ат жақты,
Ашаң жүзді, қарыс маңдай.
Кісі еді Сейфолла да арыстандай.
Қос сызық маңдайдағы
Тағдыр жолы –
Ұзарған бір-бірінен қалыс қалмай.
Думаншыл,
әрі сері, аңсақ еді,
Талайдан осы күнді аңсап еді.
Білмейді,
Асарында,
Жасарында,
Қалған жер –
Қанша асу, қанша белді?!
Ат мініп,
Ақыл-есін білген кезден,
Қырандай қаршығаны ілген кезден,
Күбірлеп тұрды ішінен,
Дәл қазір де:
– Уа, Тәңір!
Сақтай гөр, – деп, –
Тіл мен көзден!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу