Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  93


Автор: Серік Тұрғынбеков

ҚАБІР БАСЫНДАҒЫ СӨЗ

Өмірдің сазға бөлеп сахнасын,
Келтірмей затына мін, атына сын.
Жалт етіп, алмас қылыш секілденіп,
Жалғаннан өте шықты Ғафу ақын.
Жан едің өзі – қалқан, сөзі – мерген,
Жер болса қағып түсер кезі келген.
Сырбайдай сарбаздардың соңына еріп,
Қасымдай асылдарды көзі көрген.
Тамылжып жазған жырың таңғы бақтай,
Оқыса қалмаушы еді жан құмартпай.
Той көрсе, думан көрсе, дүбір көрсе,
Тыпыршып тұра алмайтын арғымақтай.
Шыбын жан қиын екен ұшарында,
Қалдырып кеттің бізді құса-мұңға.
Сыймаған кең дүниеге қайран Ғафу,
«Кеңсайдың» сыяр ма екен құшағына?!
Аға едің от-суымыз араласқан,
Жырыңды жаттап өстім бала жастан.
Қай жаққа жөнеп кеттің, қайран Ғафу,
Қарайлап алды-артыңа қарамастан?!
Өлеңді жазушы едің мөлдіретіп,
Халқыңды сөйлеуші едің елжіретіп.
Арқырап ете шыққан тұлпарым-ай,
Ақ туын ақындықтың желбіретіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу