Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  81


Автор: Серік Тұрғынбеков

АҚҚУ АҚЫН

Асқақтыққа
Астасса да ірілік,
Ақпанға да,
Аптапқа да ұрынып.
Бір адамға қалай ғана бұйырған,
Қайран дүние...
Сұлулық пен ұлылық?!
Заманында ағамызға қыз біткен
Мойын созып, бір көруге үздіккен.
Бірақ соның қарайламай біріне,
Шықты ақыры бір биіктен біз күткен.
Балдай сөзің татығанда таңдайға,
Өзің айтып,
Өзің шырқар ән қайда?!
Әлі күнге іздеп келем сенделіп
Сендей жанды сыймай кеткен маңдайға.
Заманында сыналған да, мінелген,
Заманында қуанған да, түнерген.
Пейіште де жай тұрмаған сайтандар
Періштені пенде қылып жіберген.
Заманында әбзелдетіп ат мінген,
Найзағайдай қара бұлтты қақ тілген.
Бас иетін ақылына, ісіне,
Қасиетін жақын түгіл, жат білген.
Балқашына барып құйса Ілеңіз,
Әуел бастан Әму менен Сыр егіз.
Айырмасы болмасын деп тілеңіз,
Ақын – Аққу,
Аққу – Ақын – бір егіз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу