Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  86


Автор: Серік Тұрғынбеков

МІРЖАҚЫП

Алма-кезек:
Бір қасірет, бір бақыт.
Жылай-жылай көздің жасын құрғатып.
Өкіндіріп, бекіндіріп қазағын,
Өте шықты бұл жалғаннан Міржақып.
Таудан-тастан беті қайтып көрмеген,
Өлеңімен ет-жүректі тербеген.
Атылған жоқ,
Асылған жоқ,
Әйтсе де
Ол өзінің ажалынан өлмеген!
Өлең жазса – топ ішінде тайпалған,
Мақалаға маңмаңгердей майталман.
«Оян қазақ!» деген сөзді сол кезде
Тумысынан ноян қазақ айта алған.
Тіршіліктің көп татпаған балынан,
Тұлпар уақыт ұстатпапты жалынан.
Жалғыз ғана Жамал емес бақытсыз,
Бүкіл қазақ бақытсыз деп налыған.
Айтқан сөзі асып кетіп қанадан,
Қор заманның қорқаулары талаған.
Тірліктегі теперіші аздай-ақ,
Өлгенде де құтылмапты жаладан.
Қашан асып кеткенінше қырдан күн,
Ұрығынан дәметіпті бір дәннің.
Көп қарапты дүниеден өтерде
Суретіне жалғыз қызы – Гүлнәрдің.
...Адамдарды ақылы сай ісіне
Бермеген ғой өткен заман түсіне...
Мың бәледен Міржақыпты құтқарған
Ризамын құдіреттің күшіне!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу