Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  140


Автор: Серік Тұрғынбеков

АХМЕТ

Қайран Аха!
Өзіңмен сырласайын.
Сырласайын – мауқымды бір басайын.
Бұлт астынан жарқ етіп шыға келген
Құшағымды өзіңдей Күнге ашайын.
Алдыменен алайын мақұлдасып,
Мақұлдасып, сонан соң ақылдасып.
Зымырайын заманның аңғарымен
Шындық деген тұлпарға тақым басып.
Ахаң, Ахаң!
Ғажайып Ахаң, Ахаң!
Кешіре гөр атыңды атамасам.
Өзің еккен егіннің диханы боп,
Арам шөбін болмайды отамасам.
Бұлақ көрдім биіктен – тау басынан,
Соған барам шөлдесем – қаталасам.
Ойсыраған орының толмаса да,
Күтті сені қанша жыл – Ел босаға.
Амал нешік?!.
Дәстүрден тайды халқым,
Аққуларды атуға болмаса да!
Әлдекімге білігің жақпады ма,
Әлдекімге ұлы ұғым жақпады ма?
Пайғамбардың жасына жеткен шалды
Ақ-қарасын айырмай атқаны ма?!
Қанатымды самғатып қақтырмады,
Жан отымды лаулатып жақтырмады.
Керек болған халқыма қазынаны
Көзден ғайып қылды да, таптырмады!
Ескі жара ауызы шорланғанда,
Әзер даусым шығады қорланғанда.
Дәстүрімді құртқандар аман қалып,
Ал оны қорғағандар
Қор болған ба?!
Байлау барда –
Бақыртып матау барда,
Қырқып-жұлып, жұлмалап отау барда,
Қарап жүріп қор болып кетем бе деп,
Қорықтым сенің атыңды атауға да.
Кейде өзіңмен сырласып, қайран Ахаң,
Мұңға малтып,
Күйге елтіп,
Ойға батам...
Өзің берген біліммен қорғанбасам,
Өзің берген тіліңмен сайрамасам.
Өзің айтқан дәстүрді қолданбасам,
Өзің айтқан көп сырды толғанбасам,
Қазақ тілі қансырап қалар ма еді,
Озық ойлы азамат сен болмасаң?!.
Жүрегіңе бәрін де жинағасын,
Азабына төзесің – қиналасың.
Білдің сен
Әкеге әкіреңдеп,
Өз ұлының шешесін сыйламасын!
Жұт кетпеді айналып аймағыңнан,
Көңілге дақ орнады, ойға – күмән.
Сүттей таза халқымды іркіт қылып,
Алдыменен айырды қаймағынан.
Серілікті жүре алмай еркін құрып,
Сөйлетпеді сергітіп, серпілдіріп.
Шиедей ғып шетінен шетінетті,
Мықтыларды маңдайдан шертіп жүріп.
Қайран Аха!
Сен сөйтіп аһ ұрдың ба,
Көрер таңды ұйқысыз атырдың ба?!
Бордай тозып божырап кетпесін деп,
Ел-жұртыңды бірлікке шақырдың ба?
Түсіндің бе болған соң дана-ғалым,
Шарапаты тисе деп жан ағаның.
Ауылынан әділдік табам ба деп,
Ауа көшіп – Абайды паналадың.
Қандай тағдыр кез қылған қатал кекке,
Абыз едің тараған батаң көпке.
Ақ тілекпен
Ақ теңіз ар жағынан
Жаутаң-жаутаң қарадың Махамбетке.
Құрдас тәнті өзіңе, құрбы кішік,
Тіл қата алмай ішінен тұрды ұғысып.
Сағыныштан сарғайған Торғай жері
Жүрді ме екен көзіңнен бір-бір ұшып?!
Тамырынан өртенген жердің шөбі...
Енді қайтып келместей көрдім сені.
Өзің сүйген халықтың көз жасы мен
Тиді ме екен, кім білсін, елдің себі?!.
Тілін,
Дінін,
Әдетін, ғұрпын сүйген,
Елін-жерін,
Жамағат-жұртын сүйген.
Ұғымы мен ойы артық
Ұлы Адамды,
Одан қалған өмірлік мұраларды
Өлтіре алмас ешкім де, сірә, мәңгі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу