Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  121


Автор: Серік Тұрғынбеков

КЕШІРЕ ГӨР, ХАН ИЕМ!

Кешіре гөр, хан ием,
Кешіре гөр, хан ием!
Жеттім саған кешігіп.
Сыбырладым сыртыңнан,
Сыр айтпадым шешіліп.
Үмітімнің қанаты
Қайта-қайта кесіліп.
Түсі суық сұр заман
Тұрып алды өшігіп!
Кешіре гөр, хан ием!
Атамадым атыңды,
Оқымадым хатыңды.
Тарландарым тал түсте
Тіл қата алмай атылды.
Тұқымы асыл нәсілді
Тұңғиыққа батырды.
Қайран халқым
Қамығып,
Қан жұтты да қапылды!
Кешіре гөр, хан ием!
Шер құштырдым қыранды,
Желге ұштырдым мұраңды.
Аяқтамай тастадым,
Айта беріп бір әнді...
Ақтамадым антыңды,
Сақтамадым құранды.
Көзім жұмып қарадым
Келешекке күмәнді.
Кешіре гөр, хан ием –
Мәртебеге мәңгі ием!
Қасиетті халқына
Қайтып келген әулием.
Естілгенде хабарың,
Босағандай жан-жүйем.
Бір басыңнан кетпесін
Бар құдірет, бар киең!
Кешіре гөр, хан ием!
Идім саған басымды,
Төктім саған жасымды.
Өрекпіген көңілім
Өртенді де, басылды.
Жазған жырым – ақ моншақ
Саған қарай шашылды.
Ұлы тіреу өзіңсің
Ұстап тұрған Ғасырды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу