Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  105


Автор: Жәлел Қуандықұлы

МЕТРОДАҒЫ АРУ

Түсінемісің білдірген лебізімді шын?
Жүзіңнен көрдім маңғаздық теңіз үлгісін.
Күн нұры түспес жердегі еншім екенсің,
Арқадан келгендігімді сезіп тұрмысың?
Бір-бірімізден қымсынып, жасқанамыз кеп,
Көз тастауыңнан бір жауап ақтарам іздеп.
«Түнгі такси» де жоқ мұнда, қолшатыр да жоқ,
Ару шаһардың метросы баспана бізге.
Сұлулығыңды қылығың бүркесе демеп,
Жанымды әкетіп барады жыр төсемелеп.
Үлбірлігіне үркердей сүйсіндім, сәулем,
Қолаң шашыңның төгілген күртешеңе кеп.
Жаным сүймейді шындықты көп бүркегенді,
Асау арманға қолымды дөп сілтегем-ді.
Қарағандыда метро жоқ, Алматы алыс,
Әр көктем еске салады көк күртешеңді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу