Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  181


Автор: Жәлел Қуандықұлы

Тамағыңа тығылып бұла демің...

І
Тамағыңа тығылып бұла демің,
«Кетпеші», – деп сен сонда жылап едің.
Ұмытты деп ойлама... Бәрі, бәрі
Көкірегімде жазулы мына менің.
Кеттім солай тәрк етіп өткенімді,
Қала бердің құшақтап өкпе-мұңды.
Әлі күнге біле алмай жүрмін, күнім,
Сол кездегі қайырылмай кеткенімді.
Төмпештедің кеудемді ұрысқан боп,
Ал мен сені жұбатып тырысқам көп.
Неге екенін білмедім, содан бері
Қоштасулар кеудемді жылытқан жоқ.
Шын сезімнің қашан да оты күшті,
Талғамайды ол қамалды, бекіністі.
Мен өмірді сүюді біледі екем,
Енді ұғынып келемін өкінішті.
Ғашықтардың салмақты десі маған,
Ал адамдар таңы мен кешіне алаң.
Қоштасқалы тұрған бір жұпты көрсем,
Мен әлі де сол күнді есіме алам...
ІІ
Көздер көзге қадалып, тамсана кеп,
Біз екеуіміз сырластық қаншама рет.
Білсем-дағы арада бөгет барын,
Қақым жоқ-ты айтуға «аңсама» деп.
Кешегіні жүргенде бағамдамай,
Бүгін келіп өкпе айтам саған қалай?
Мен кінәні өзімнен іздеп жүрмін,
Оғаш сезім кешпеші тағы аңдамай.
Шығарыңды алдымнан еске алдым ба?
Тартып кеттім сен жақты бетке алдым да.
Тілдесу бар өмірде, ұғысу бар,
Тілдескенді ұғыстым деп қалдың ба?
Татып алма мен кеше жұтқан уды,
Онсыз-дағы нәзіксің көп налулы.
Бар сырымды ақтарсам өзіңе кеп,
Қалағанмын жанымды ұққаныңды.
Біздер жайлы айтса да қанша ғайбат,
Саған қонсын, қонса сол қаршадай бақ.
Кездесерміз, кетпесем тасқа айналып,
Жаның мені бірер сәт аңсамай қап...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Өлең өте күшті шығқан!
<3!!!?

Пікір жазу