Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  76


Автор: Жәлел Қуандықұлы

Өрт ғасыр тұрса бұрқанып алдан...

Өрт ғасыр тұрса бұрқанып алдан,
Сәттерді қалай қырқады жалған.
Автобусқа бір қария мінді,
Мамыр айында қымтанып алған.
Кеуденің кірбің нұрын жабады,
Қоңторғай жаны діріл қағады.
Көңілін бір сәт ауламақ болғам,
Кінәздау ғана қырын қарады.
Бір салмақ жатты күйінде күз боп,
Тағдыры қалай түйінді үзбек?
Тағатым бітіп сұрадым: «Ата,
Неліктен қалың киіндіңіз», – деп.
«Тапқан екенсің жұмбақты, балам,
Болмысым не деп үн қатты саған?»
Күрсініп алып: «Қарттық қой», – деді,
Қалғанын санам аңдатты маған.
Сұрағы барға сұқтана кетем,
Неліктен ата құптамады екен?
Жастықтың отын кешіп жүрсем де,
Қарттықтың мәнін ұқпаған екем.
Көре алмай жатсақ сеңдерді бірден,
Қанат бер далам кең белдеуіңмен.
Қартайтсаң, қартайт тәнімді мейлі,
Суыта көрме кеудемді мүлдем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу