Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  136


Автор: Мерғали Ыбыраев

Қарауылдағы айтысты еске алу

...Ал, енді! Сөз кеткенде ақындардан,
Ауызда жақ, қарысып тақым қалған.
Тақиялы кәриялар тақырда отыр,
Тыңдауға құлақ оты жақын барған.
Жұрт біткен шағын таудың бетінде өріп,
Айтысқа алабөтен бетін беріп.
Көтеріп соның бәрін Қарауыл тұр,
Кемесі Нұх пайғамбар секілденіп.
Жер жетпей жұрт төбенің басында отыр,
Жер-жиһан көп нәсілі осында отыр.
Ағылшын, Қытай, Үндіс таңырқасып,
Аңырып сол Қарауыл тасында отыр.
Ежелден сөз дегенің ел киесі,
Сол сөздің Абай ата бергі иесі.
«Түгел сөздің түбі бар» Майды бидей,
Табылмаса табылмас, енді иесі.
Саз сынын тасыр ұқпас, асыл ұғар,
Абай – Бір, одан кейін Қасымы бар.
Ішінде бұл айтыстың Ақадыс пен,
Бекарыс, Жанарыстың нәсілі бар.
Табылса да, табылар санаулы-ақ жан,
Ішінде өрт, сыртында алау жанған.
Күркіреп көктен шыққан саз төгілді,
Күн бата ұясына алаулаған.
Құлақты тік тұрғызған сөз елертіп,
Лүпілдеп кеуде қағып, маза кетіп.
Абай! – деп әруақтанып, кетті шырқап,
Қыл батпас қисынына Тазабеков.
Қиын-ақ қысылшаңда сөз жүйесі,
Айтыстың табылғандай енді иесі.
Ақ шаңқан киімі бар, іні сөзін
Тыңдап тұр не қазақтың әулиесі.
Ініміз Мұхамеджан жиырмада еді,
Жиырмамен жүз мың халық бірге ереді.
Нақысты, тақысты да жаңа пері,
Жылтқандай тоңазыған түн денені.
Көк шалғын сусылдайды тізеліктен,
Көктен ай жарқырайды күйге еліткен.
Құранға қол жайғандай дүйім халық,
Баршасы бір кісідей тізе бүккен.
Келісіп төрешілер, «екі» деспей,
Бірлесіп, бірақ пішкен, екі кеспей.
Өкшесі жерге тиді жас ақынның,
Батыры ақын Гомер – Ахиллестей.
Айтыстың ұға білген нағыз жайын,
Ақтауға бір борышты парыздайын.
Орнынан Орынбаев көтерілді,
Шапаны көлбең қағып Абыздайын.
Дариға-ей, ұмытпастай кезең еді,
Мұндайда ер тіріліп, ез өледі.
Бұралқы иттей болып көш соңынан,
Бұл күнде күңкіл-сыңқыл сөз ереді.
Дариға-ай, ұмытпастай кезең еді,
Тарихтан – жалғыз үлес, кезек еді.
Артында сол айтыстың жыл айналмай,
Берекесіз бөз қымбаттап, сөз өледі.
Сен де төз, мен де төзем енді.
Дариға-ай, естен кетпес кезең еді,
Несіне ақ малтамды езем енді.
Аңдаусыз ақ періште секілденіп,
Тыңдаған жасыл жаздың көбелегі...
Қашанда шіркеу салмай бетімізге,
Кетті Абай жалғыз жүріп Екі жүзге.
Біз қалдық, екі жүзде тоғышарлар,
Той тағы қымыз бенен етіңізге.
Халқыңның көтерілсе күйі мына,
Қан ойнап, күлкі жиып миығыңа.
Сол тойда тоғышардың ұрпақтары,
Ат та мін, шапан да іл иығына.
«Ізет!» деп алғаның мен ілгеніңді,
Істерсің енді өзің білгеніңді.
Біз қалдық, сүйегіміз қурап қалар,
Көрмеспіз, жүргеніңді, күлгеніңді.
Жүйріксің, Сендер жүйрік, бұл жағына,
Жантайып, жығыла бер бір жағына.
Тыртыңың, жыртыңыңда ұмыт қалар,
Татымас Тазабеков тырнағына!...
Жазықсыз отқа қақтап шырқыратпа,
Жұртыңның ас кәдесі ғұрпын сақта.
Ақ тілеу абай ата тойындағы,
Дариға-ай, бар ма екен бұл кітпата.
Ашықсаң ұлы жолда ал тоғайып,
Сол тойдың сарқытын іш, қайта байып.
Еске алып Абай аға тойын қайта,
Тік тұрып бүгінгі ұрпақ қол соғайық




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу