Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  110


Автор: Мерғали Ыбыраев

Диалог

-Көпшіл едің жас кезіңде өрімдей,
Кеткенің не жапа-жалғыз көрінбей.
-Оның бәрі буы екен жастықтың,
Тескен танау тайлақтай боп бастықтым.
...Жігіт еді көз көрген,
Қалай жылдам өзгерген...
-Мақтан тұтып, мадақтайтын жерлестер,
Маймаңдаған күйші едің-ау, дәулескер.
-Домбырашы, күйші, емес пе, айналаң,
Таздан тарақ қалғанына қай заман.
...Жігіт еді көз көрген,
Қалай жылдам өзгерген...
-Сұрақтарым қайталанса сөкпе, ауыр,
Қыздарға арнап жыр жазушы ең тәп-тәуір.
-мына сен де ақын бопсың, күндемен,
Жастық шақтың желігі екен жыр деген.
...Жігіт еді көз көрген,
Қалай жылдам өзгерген...
-Қалайша сен жыл еркіне бағындың?!
Әнші едің, дауысыңды сағындым.
-Әнді рас, түсінуші ем бақыт деп,
«Әлаулайға» баяғыдай уақыт жоқ.
...Жігіт еді көз көрген,
Қалай жылдам өзгерген...
-Ортасында тұра бермей көшенің,
Былайырақ сырласайық, дос едің.
-Үйім қашық, іш деуге де жүр қымыз,
«Жигулиде» күтіп қалды құрбыңыз.
...Жігіт еді көз көрген,
Қалай жылдам өзгерген...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу