Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  94


Автор: Мерғали Ыбыраев

Сен кімсің

Ойрандалған Ордамның орнасысың,
Өзгерген өзендердің арнасысың.
Тарихтың тасқа түскен таңбасысын,
Ортайған – мұхиттардың толмасысың.
Жаһангер жақсылықтың жолдасысың,
Қаны бөлек ұлттардың қандасысың.
Баянды бақытыма қолбасшысың,
Бар күрестің бітпеген жалғасысың.
Өткеннің кебеже мінген кенжесімін,
Жарқырап жаңа өмірге енді есімің.
Топтағы достарымның теңдесісің,
Дұшпанымның бас шайқап –сенбесісің.
Шаттығын шашыраған нұрда қалған,
Мөлтілдеп мөлдірлігің суда қалған.
Жүрсем де тауға түнеп, құмға сіңіп,
Жоғалған күнің жоқ-ты бұл жалғаннан.
Сен жүрдің «Уралаған» ғасыр – таңда,
Аспанға сертін жазған жасындарда.
Жұмулы жұдырықтай – затвордан,
Саусақтар патрон бой ашылғанда.
Ашқандай қайта көзін бұлақтардың,
Жапанға жарнамасыз құлақтандың.
Мұқтарлардың мәңгілік мұраты боп,
Сәбиттерге бүкпесіз сыр ақтардың.
Айқасқан ақ ұлың да, қара ұлың да,
Оқ болды өксіп өткен зарың мыңға.
Атқанда ата жауды Сен бар едің,
Большевиктік жанымда, жалынымда.
Тілді Олар тұмшалаған қара түнді,
Бұрмалап, бүркеп келген ел атымды.
Қатардағы жаршы емес, халық едің,
Өзіңе қайтып берді өз атыңды.
Абай, Пушкин, Лермонтов, Тарас аты,
Тамырлы туыстықтың тамаша аты.
Көтерген кең әлемге жарқыратып,
Ильчтің палуан ой, парасаты!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу