Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  134


Автор: Мерғали Ыбыраев

Аққулы арал

Сырымды саған ақтарып,
Шынымды айттым имандай.
Жымиып сәл-пәл, оқталып,
Жауапсыз кеттің иланбай.
Дірілдеп бала қолдарым.
(Сол сәтте менен керең жоқ).
Өзіңе жырды жолдадым,
Өтірік айтпас өлең деп!
Хатың да келді керемет,
Сағынып тосқан талайдан.
Депсің сен: сөзің не керек.
Көшіріп алған Абайдан.
Сүйдім,-депөлең бастапсың,
Ақиқат болмас жырда көп.
Ақыл да айтып тастапсың,
Аққудың әнін тыңда деп...
Асынып арман – ақалмас,
Желбіреп желге етегім.
Іздедім солай ең алғаш,
Аққудың адал мекенін.
Үш түрлі бояу – үштүспен.
Сардала кездім, тау астым.
Шарладым көкті ұшқышпен,
Шахтермен бірге жер астын.
Сен тұрдың сонда: кез, ізде,
Жоғала берсін жау-жылан!
Жұтыла жаздап теңізде.
Жайынның қалдым аузынан.
Мұхитты кездім қайықпен,
Толқындар тулап, тебіскен.
Кеткенде құздан тайып мен,
Сақтады сенің «періштең».
Сақтайды қанша білмеймін,
Сақтықты санам ұғар ма?
Есікті іштен ілмеймін,
Шалқайтып ашам шығарда.
Жебелер тесіп өтеді,
Жүрекке мейлі қалқан қой.
Бір оқ та маған жетеді,
Бәре де сенің арқаң ғой.
Келемін ұшып сен бар деп,
Қысылып екі өкпем де.
Сарт ете түсші қанжар боп,
Сертімнен тайып кеткенде!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу