Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  94


Автор: Мерғали Ыбыраев

Махамбетті еске алу

Жегідей жеген жаныңды,
Сындырмас едің сағынды.
Қысқа күнде қырық шалған,
Қу жазира нарынды.
Ауыздығымен алысқан,
Танауды кең талыстан.
Емініп жауға шапқанда,
Емендей қолың қарысқан.
Ақ тұлпардан айырылдың,
Қанатыңнан қайырылдың.
Ер ме екен оған қараған,
Елім деп егіліп жүргенде,
Ат түгіл, жаның садағаң
Бөрі етектен алғанда.
Ит қайғы алды-ау сені жағадан.
Садағын кекке сырлатқан,
Жебесін жауға зырлатқан.
Шепті бұзған үйіріп,
Шоқпарын зілдей жүз батпан,
Жеті қат аспан төрінен,
Жарқылдап жайдай үн қатқан
Алты қанат орданың,
Алпыс жерден туырлығын.
Армансыз түріп, туратқан –
Ту болып құлап Исатай,
Түксиген бұлтқа шым батқан.
Күңіреніп тұрып күн батқан,
Күмілжіп тұрып ай батқан
О, жалған сонда білмедің,
Атарын таңның қай жақтан…
Артыңда жұртың сенер ме,
“Алданып өлді” дегенге
айырылмай кеттің айбаттан
Шырмаған шынжыр – өкініш,
Есіл де сені байлатқан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу