Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  83


Автор: Мерғали Ыбыраев

Сары көлді көргенде

Бесіктен түсіп еңбектеп,
Жағаңда сенің қаз бастым.
Өтті ғой талай жер көктеп,
Жанына толқын жармастым.
Анамдай бейне жалықпай,
Толқының мені тербеткен.
Суыңа сүңгіп балықтай,
Балалық шағым ержеткен.
Алдымнан шықты қарсы, әні,
Көк көйлек толқын көлеңдей.
Түртеді самал саусағы,
Базарлық кәне, дегендей.
Шұғылады көздей мөлдіреп,
Айдының күнмен арбасқан.
Сызады сүйіп көлді кеп,
Қос аққу жұбын жазбастан.
Ұмытып балғын күлкіні,
Кім естен оны шығармақ.
Тербелсе қамыс үкілі,
Өткендей сол қыз бұлаңдап.
Алыста жүрсем жетемін,
Сарыкөлім, қимас мекенім.
Сағына сені келем де,
Сағыныш алып кетемін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу