Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  84


Автор: Мерғали Ыбыраев

Кеш жұртым, кешір жұртым, жұртым менің...

Кеш жұртым, кешір жұртым, жұртым менің,
Жауыңның тісінде едің, ұртында едің.
Аждаһа аш құрсағын толтыра алмай,
Көжектей жылан жұтқан бүлкілдедің.
Өз қолың өз аузыңа жетер ме екен?!
Өмірің өксуменен өтер ме екен?!
Үздігіп мына түскен зіл салмақтан,
Үзіліп бел – омыртқаң кетер ме екен?!
Жаутаңдап жақсыға да, жаманға да,
Жағынып саясатқа, заманға да.
Кешегі «шыны досың» шыныменен,
Жарамай қалар ме екен «аманға» да.
Баяғы бұғау шығар кім біледі?!
Тозғаның туған жерде күйдіреді.
Ауылдың аш иттері күресінде,
Қаланың тоқ иттері үйде үреді.
Жастарың жалаңдасқан қағынып жүр,
Саудаға алым – берім салынып жүр.
Аузынан от бүріккен қайран шындық,
Шұлғау боп Шығайбайға жағынып жүр.
Бар болар алда әлі талай белең,
Таңырқап бәріне де қарай берем.
Дәметеп демеушіден аш төбеттей,
Қонышын майлы етіктің жалайды өлең.
Ол рас, аштық та жоқ, тоқтық та жоқ.
Жасқасаң несібеңнен «соқтықпа» деп.....
«Қайтесің, бұйырғанын шоқи берсін,
Қарғаның екі көзі боқтықта» деп.
Аларып, жұдырығын көрсетеді,
Алла да таң қалғандай, көрсе тегі.
Боркемік, болат қайтқан «батыр» ұлың,
Көргенде көлеңкесін селк етеді.
Арасы бар мен жоқтың қарға адымды,
Есепте бергенің мен алғаныңды.
Байлық жоқ, сарқылмайтын,
Білмей қалма,
Бір күні жүген ұстап қалғаныңды.
Біреудің босағанмен Әмірінен,
Көп шығар көрешегің әлі, білем.
Ендігі көз жасыңды мөлтілдеген,
Тілеймін көрсетпе деп Тәңіріден.
Ол бақида әрбір дыбыс азалы,
Қойдай болып тоғытылған жазалы.
Астындағы оты сөнбей әр тұста
Қайнап жатқан мәңгі дозақ қазаны.
Әр халыққа бір – бір қазан сыбаға,
Белшесінен батқан жандар күнәға,
Шыңғырады аласұрып, шыға алмай,
Жұмақтағы жандар оны ұға ма?
Пәни жалған жарқыраған, түнексіз,
Дозақ қана еш үмітсіз, тілексіз,
Тұтылған соң құтылу жоқ, аңду сақ,
Қазақ жатқан жалғыз қазан күзетсіз,
Бұйрықты естіп «мәнігі отқа қақтаңдар»,
(Ойларында пендешілік мақтан бар).
- Неге бұлай? – деп күңкілдеп сұрасты,
Қыл көпірден аман өтіп жатқандар.
- Ұлы Алла қызғанышын сезген – ақ. -
Деп періште жауап берді жез қанат.
- Дозақ та ол бір – біріне күзетші,
Шығам десе жібермейді өздері – ақ!
Қоңыр едің көрікті,
Нағашыңдай сен тегі.
Біздің үйдің бөрікті,
Кіп кішкентай еркегі.
− Сен кәртайдың, күтін, − деп,
Жүруші едің күлдіріп
Бірдемені бүтіндеп,
Бірдемені бүлдіріп.
−Қоңыр қозым! – деуменнен,
Қызығыңа тоймадым.
Мақтау күтіп сен меннен,
Еркелеуді қоймадың
Көрмеп еді мен барды
Бетіңе бір жел тиіп.
Ойнаушы едің албарда,
Қоңыр қозым монтиып.
«Ер жетер» деп ойладым,
Қалдым қу бас шарасыз,
Аңдып жүріп, қоймадың,
Ажал ит−ай, дауасыз!
Естен тандыр, тандырма,
Түсіне алмай қалғаным:
Неге сонша жалғызға
Тарылғанын Алланың?
Суретіңнен әр кезде
Кірпік қақпай қарайсың,
Әкеңді жас ол кезде
Әлде кімге балайсың
Қыршыныңнан қиылдың,
Өшірді ажал үніңді.
Үзілді үміт, суындым,
Итке берсін күнімді...
Аян бердің екі рет,
Түс көріппін: ай жарық,
Маңыраған жетімдік
Қозға сен айналып,
Жүр екенсің безілдеп,
Жапа− жалғыз жүгіріп.
Құстай ұштым: «Қозым!» деп,
Құлап түстім сүрініп...
Қалай, қайтіп тірілдің,
Мені іздеген өзі боп?!
Махаббаты ұлымның
Маңырайды қозы боп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу