Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  81


Автор: Мерғали Ыбыраев

Ішу де керек ащы мен тұщы қандайын....

Ішу де керек ащы мен тұщы қандайын,
Тату да керек талғамай бәрін таңдайың.
Көтеру керек қуаныш пенен қазаны.
Қайыспас белі кәтәпті қара нардайын.
Жолың да болмас жортқанда жолда әрдайым,
Баққа да тиер, тасқа да тиер маңдайың.
Тоқу да керек өрмекші құсап торыңды,
Оқу да керек таусылғанынша көзмайың.
Жұту да керек шәрәпті шалқып жұтқанда,
«Харам» деу керек бес мезгіл намаз тұтқанда.
Бір сөзің үшін құтылып, кейде тұтылып,
Шыдау да керек көбеңе ине сұққанда.
Уәде дейміз, беркінген сертке кім берік?!,
Жылауда керек жылайтын жерде қыз болып.
Еру де керек еритін жерде қар болып,
Қату да керек қататын жерде мұз болып.
Тәуекел дедік тәуекел енді көрейік.
Сенеміз дедік, сандалмай енді сенейік.
Ажалың жетсе, әбдіреп, сасып, алжымай,
- Алла! – деп барып өлу де керек серейіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу