Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  74


Автор: Мерғали Ыбыраев

Араша

Қайдан шықты қылқиып,
Ақын еді ол бала,
Ішіп апты сылқиып,
Бар айыбы сол ғана.
Нәзік еді өзі де,
Өлеңдейін бұралған.
Түсе кеттік көзіне,
Шыға келді тура алдан.
Ибалы інім осы ма?!
Жырын жуды әлде ептеп...
Бір қарап ап досыма,
Ерегесті «Сен!...» деп кеп.
Жастық, шарап – оқыс-ты,
Бола ма оның тоқтамы.
Жолдасымды боксшы
Жатып келіп боқтады.
Алақаны күректей,
Досым да бір жын еді,
Бір саусағы білектей,
Тұлғасы да ірі еді.
Сол соққанға қызынып,
Бостан-босқа ұрынды...
Кетті өңі бұзылып,
Бұрыңғы ма, бұрыңғы.
Бұлқан-талқан бүлінді,
Гүжілдеген үнменен.
Шынашақтай інімді,
Талап тастар түрменен.
- Ох, әкең!.. – деп тап берді,
Арашаға түстім мен.
Көйлегімді қақ бөлді,
Түк қалмады үстімнен.
- Сабыр, сабыр, ағасы,
Кешіре сал, жарай ма.
Ақындардың жағасы,
Жыртылмасын қалайда!
Деген кезде құрбы да,
Тұра қалды тосылып.
- Ақын ба?! – деп тұрды да,
Бір жарты ішті қосылып.
.... Қарасады ел деген,
Болды кісі күлерлік.
Жалба-жұлба мен келем,
Жасағандай бір ерлік!
Удай болсын бағасы,
Жейде сөз бе, сол дағы.
Ақындардың жағасы,
Жыртылмаса болғаны!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу