Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  90


Автор: Мерғали Ыбыраев

Су жылып келеді

Боялып бүкіл атырып қанқызылмен,
Бүгін мен үміттендім таң жүзінен.
Су жылып келе жатыр, тоңдың ба әлде,
Құшаққа басқан менің жалғызым ең.
Мен де тоңдым..., түн бүгін суық болды.
Сар маса маза бермей, буып болды.
Жылытушы ем сен жаурасаң демімменен,
Ажалды сезіндің бе, суық қолды?
Айта алмай жатырсың-ау, бәрін-бәрін,
Бәрібір бәрін-бәрін қабылдадым.
Жаныңда бола алмадым жаным, жаным,
Қасыңнан кешір мені, табылмадым.
Қайтейін, Қай тереңге тұрақтандың,
Жарылып кетті ме әлде, жүрек қабың?!
Әкем қолын созар деп жатырсың ба,
Келмеді қол созуға бірақ халім.
Созсам да білегімді жетпей қойды,
Уақыт жылжыр емес, өтпей қойды.
Сенделіп жапа-жалғыз жағалауда,
Сорлы әкең су басынан кетпей қойды.
Япыр-ай, лаж бітті дауа болар,
Бір түтік табылмас па, ауа барар.
Япыр-ай, қайда жүрсің адам ата,
Япыр-ай, қайда жүрсің Хауа аналар,
Бірдеме табыңдаршы дауа болар!
Қанат жоқ, қайда енді ұшамын мен,
Қаңғырған қарт төбетке ұқсадым мен.
Тоңсаң сен су түбінде шыда қалқам,
Жер-анаң жылытар әлі құшағымен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу