Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  75


Автор: Мерғали Ыбыраев

Жекпе-жек

Тағдырына кесесіп, өкпелеп те,
Ағаң кетті ажалмен жекпе-жекке.
Жекпе-жекте өлермін, өлтірермін,
Көз жасынды көл қылып төкпе текке,
Жыламайды өлгенге жекпе-жекте.
Қолымда қыл жалаулы найза да жоқ,
Тап келсе бұл ажалға айла да жоқ.
Сағынсаң ара-тұра жырыңды арна,
Ағаңды айта алмаймын ойлама деп,
Қайғының құрдымына бойлама тек.
Сермесең қылышың да бата алмайды,
Кезенсең мылтығың да от алмайды.
Бұл өзі жеті басты жаудан бетер,
Ажал деп тектен-текке аталмайды.
Әрине, саған інім батар қайғы.
Қолымда алтын сапты қылыш та жоқ,
Аял жоқ, жекпе-жекте тұрыс та жоқ.
Жайратам ажалыңды отты өлеңмен,
Қарқ болсын өлексесін құмырсқа жеп.
Ажалдың жерік болып қан-жынына,
Деме сен ағам менің алжыды ма?!
Әлі де мың жасаймын жырымменен,
Сен өзі сене берме қалжыңыма!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу