Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  79


Автор: Мерғали Ыбыраев

Баламды айта бермеңдер

Баламды айта бермеңдер,
Ерланды айта көрмеңдер.
Үзіліп қолқам кеткендей,
Осы ма деп ем өлген жер,
Осы ма деп ем сөнген жер,
Тіріліп қайта келемін,
Турасын айтар көргендер;
Баламды айта бермеңдер!
Жанған ба, қайтіп сөнгендер,
Тұрған ба, қайтіп көмгендер,
Келген бе, қайтіп өлгендер?!
Үйіме менің келгендер;
Баламды айта бермеңдер!
Онсыз да менде ұйқы жоқ,
Онсыз да менде күлкі жоқ.
Көңілді мынау дүние,
Көрінді көзге күкі боп,
Сабалақ шуда шаштарым,
Кетіпті-ау ұйқы-тұйқы боп,
Сіздерден сұрар бір тілек:
Үйіме менің келгендер,
Баламды айта бермеңдер!
Онсыз да менде тыным жоқ,
Тыншығар тіпті түрім жоқ.
Құрдымға кеткен жалғызым,
Кісінеп кетті-ау құлын боп,
Кеше бар сәби бүгін жоқ,
Көшеде жүрген әр бала,
Көрінер көзге ұлым боп,
Түсімде, тіпті өңімде,
Баламды көрмес күнім жоқ,
Сіздерден бүгін сырым жоқ:
Үйіме менің келгендер
Баламды айта бермеңдер!
Онсыз да менде маза жоқ,
Онсыз да менде шама жоқ.
Жанады іште азалы от,
Сәбиім емес, сезімім,
Жатқандай тегіс қаза боп,
Біліңдер соны жаза деп:
Үйіме менің келгендер
Баламды айта бермеңдер!
Мен емес жалғыз шерменде,
Жылағам жоқ-ты өлгенде,
Құлағам жоқ-ты көмгенде,
Жеріме сендім – сенгенде,
Еліме сендім – сенгенде,
Ездерге мені теңгерме,
Қайғыда қатал өң берме,
Жөн көргін мейлі, жөн көрме;
Мен емес жалғыз шерменде!
Жыласам – жалғыз жылайын,
Құласам – жалғыз құлайын,
Сабырды серік қылайын,
Сарғайта алмас уайым,
Сенде бар бала менікі,
Сағынсам сүйіп тұрайын.
Сау болғай барлық сәбилер,
Әке боп соған ұнайын,
Ата боп соған тұрайын,
Сіздерден тілек сұрайын:
Үйіме менің келгендер
Баламды айта бермеңдер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу