Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  115


Автор: Мерғали Ыбыраев

Көзқарас

Бауырында асау аттың ері кетіп,
Біреулерді құлатып, еңіретіп...,
Өмір өтіп барады, өмір өтіп...
Қарттық та – сынық келсап, келі-кетік,
Ілгері басқан аяқ кері кетіп,
Өмір өтіп барады, өмір өтіп.
Біреуге жалғыздықты серік етіп,
Біреуге құр үмітті – сенім етіп.
Өмір өтіп барады, өмір өтіп.
Жүргенде әр нәрсеге көңіл етіп,
Үлгермей еш шындыққа көзі жетіп.
Өмір өтіп барады, өмір өтіп.
Аққан уақыт..., бәрін де салар ауға,
Салар ауға, шығарар жағалауға.
Ақиқатын өзі айтар, қарап тұрып,
Асықпаңдар адамдар бағалауға:
Өтіп кеткен уақытқа шара бар ма,
Өтіп кеткен өмірге дауа бар ма,
Өтіп кеткен адамға таба бар ма,
Асықпаңдар, адамзат бағалауға,
Асықпаңдар, өткенді табалауға,
Өмір кеткен өмірге шара бар ма?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу