Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  161


Автор: Мерғали Ыбыраев

Әлхиса

(Н. Тілендиевке)


Назданса Нұрғиса-күй, «Әлхиса» күй,
Кетесің «ә»дегеннен әліпін таный.
Үлбіреп күй тілінен төгілгендей,
Сусылдап кілең жібек, кілең шағый,
Өртеніп дүние жатсын жұмысың жоқ,
Желпінтіп жан дүниенді, қыздырса күй,
Иітіп алпыс екі тамырыңды,
Қайнатып жүрек түгіл, қыздырса ми.
- Ой дүние-ай! деген сөзден басқа амал жоқ,
Назданса Нұрғиса – күй, «Әлхиса» – күй,
Сызылып сыбызғы үні, сырнай гулеп,
Боздайды қобыз үні «тыңдай біл!» деп.
Шерменде шертер үні сұңқылдаса,
Жетіген бүлкілдейді «мұндаймын» деп.
Бебеулеп сағағында безілдейді,
Домбыра қолды-аяққа тұрмаймын деп.
Дауылпаз дүркіресе жай шақырып,
«Атасын тыныштықтың ұрмаймын» деп.
- Ой дүние-ай!
Соның бәрін Нүкең билеп,
Тұрады-ау, күй тәңірі – «құдаймын» деп!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу