Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  98


Автор: Мерғали Ыбыраев

Ақын ғой ол, мінезі ала құйын...

(Ө. Нұрғалиевке)
Көбі өсек – бір қаптай,
Сен туралы күңкілді.
Тындай берем тіл қатпай,
Түршіксем де бір түрлі.
Мықты жырың – тұрды ойда,
Таға алармын қалай мін?!
Бір өлеңін – бір қойға,
Сатып алған Абайдың...
Семей келіп қалыпсың,
Құтты болсын сапарың.
Жырда биік – алыпсың,
Ап-аласа атағың.
Өлеңіңнің әр тонын,
Аңсайтын-ды танып іш.
Үстіндегі сар тоның,
Секілденіп сағыныш.
Көктемдерді жаулаған,
Қызығамын күзіңе.
Нағашымнан аумаған,
Қарай берем жүзіңе.
Екі бөлек – шариғат,
Ол – бухгалтер, сен – ақын.
Жөнің жоқ-ау табиғат,
Осынша ұқсас қылатын.
Егіз қозы көгенде,
Екі бөлек мақсатта:
Сенің көзің – өлеңде,
Оның көзі – отчетта...
Сынған еді тегінде,
Оның да оң аяғы.
Оң аяғың сенің де,
Сол сындыға саяды.
Тағы ұқсастық іздедім,
Өшіре алмас жыл шәйіп.
Бірдей екен іздерің,
Қарға түскен қисайып...
Өсіп-өнген жалғыздан,
Ұқсастықтың ғажабы-ай!
Өлеңдерің аузыңнан,
Түсіп қалаған баладай.
... Көктемдерді жаулаған,
Қызығамын күзіңе.
Нағашымнан аумаған,
Қарай берем жүзіңе...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу