Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  81


Автор: Мерғали Ыбыраев

Болған оқиға

- Ей, бала!
Кім де болсаң тоқта, бері,
Ұсынба, шылымыңның жоқ керегі.
Мынау үй сенікі ме, көк төбелі,
Көмкерген айналасын көк терегі.
- Мен...ікі.
- Менікі – деп былдырлама,
Өмірге жастығыңды тым бұлдама.
Кәнеки, былайырақ сөйлесейік,
Түсінер мас болсаң да ұлды-ұл ғана.
Басасың буыныңды билей алмай,
Кіресің бұл кейіппен үйге қалай?!
Қарт анаң, келін бала әуре болар,
Басыңды босағадан сүйрей алмай.
Сендермен жаным құрбы, уақытымбөтен,
Кез келген жақсы жылға бақытың ба екен?!
Мынау үй сорлы әкеңнің қалдырғаны,
Бір шеге өз қолыңмен қақтың ба, екен?!
Алдыңа жайып салып тек керекті,
Кім сені бетке қағып өкпелетті?!
«Тынықсын саясына құлыным» деп,
Еккен-ау, анаң байғұс көк теректі...
- Ағатай! Тоқтай тұр – деп жалынды мас,
- Емеспін сіз айтқандай қағынды жас.
Ұстады діріл қағып білегімнен,
Менің де жылап тұрды жаным рас.
- Баладым сөзіңізді ұлағатқа,
Жол бермес абайсызда кім ағатқа?!
Осыдан жеті ай бұрын жол үстінде,
Тап болдыммашинаммен бір апатқа.
Курортта, жалғыз апай, Қырымда-тын,
Аяқ сынып, болыпты жұлын зақым.
Жатқанда ессіз-түссіз екі ай бойы,
Естілді құлағыма бір үн батым.
Жүрекке жылы тиген «қарағымы»
Таныдым, аңыраған анам үні.
Ұйқыдан жаңа ғана оянғандай,
Көзім де көрді сонда аға, міне,
Дәрі жоқ мен ішпеген, берілмеген,
Алыстым жеті ай бойы өлімменен.
Аяқ сынса етіктің ішінде ғой,
Белдестім бес ай бойы белімменен.
Жарыма үйленбеген таяна алмай,
Шығып ем, ауруханадан таяқ алмай.
Шешемді шошытпайын деп-ақ едім,
Жүрісім белгілі екен аяғандай...
- Жеңіпсің азабыңның ауырын деп,
Қоштастым, - кешіре гөр бауырым деп.
Батыстан жай жарқылдап, дауыл тұрып,
Аспаннан келе жатты жауын үдеп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу