Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  79


Автор: Мерғали Ыбыраев

Күз көрініс

Жер бетінде жез жапырақ саудырап,
Жүзімдерін кәрзеңкеге сауды бақ,
Қауын – қарын, шемішке – тіс, картоп – көз,
Картоп – мұрын, мырза күз тұр маужырап.
Жүзім жиған қыз-қырқынға толы бау,
(Қызға келсең, осы сәтте жолық-ау!)
Дөңгеленген бикештердің етегі,
Төңкерілген қоңырау!
Табақтай күн тас төбеде балқиды,
Күз – бояуы, күз жұпары сан қилы...
Бұл бір шақта, бақша да емес, бау да емес,
Аэропорттан алма иісі аңқиды.
Ғажайып қой! О, керемет, бұл нендей,
Семіз алма сеткілерді үргендей.
Алматыдан «ИЛ-18» бұл күнде,
Адам емес, алма тасып жүргендей! ...
Егістіктен алуан жол тарайды,
(Қамбалардың қарындары толғайды).
Қылт-қылт етіп, бала басты қарбыздар,
Машинаның борттарынан қарайды.
Табиғаттың өзгерісін сездің бе,
Көзбен көрші, жетер дейсің сөз кімге?
Ағаштардың арықтауы – неліктен,
Мал мамырлап, марқа піскен мезгілде?!
... Көктемді ойлап, көп жабықпа шекер – қыз,
Күз – жомартты елемейміз бекер біз.
Кешкілікте, қыр басында сырласып,
Күн – қауынды бөліп жедік екеуміз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу