Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  138


Автор: Мерғали Ыбыраев

Қара жер саған – өкпем жоқ

Бірінші толғаныс
Қара жер саған – өкпем жоқ,
Жазықсыз жапа шеккем жоқ.
Зәбір де көріп залымнан,
Көзімнің жасын төккем жоқ,
Қырыңды кездім алшаңдап,
Ғұмырым текке өткен жоқ;
Достарым болды санаулы,
Қалқам да болды қалаулы,
Алдым да сенен алауды,
Ту етіп көкке көтердім,
Жапырақ атты жалауды,
Кештерде жым-жырт қалғыған,
Оралдың талай көктем боп,
Арқырап жатқан өзеннен,
Алдымнан шықтың өткел боп,
Жол болып келіп жолықсаң,
Алдыңды кесіп өткем жоқ,
Бүгін де міне, көктем кеп,
Аспан да, жер де көкпеңкөк,
Қызғалдақ біткен қыдырып,
Барады тауды бөктерлеп,
Бетімді менің аймалап,
Ерініңдей сенің – өпкен леп,
«Бауырың суық» деседі ел,
Суық деп сені сөккем жоқ,
Жылынып тұрар жүрегің,
Жылда бір осылай көктем кеп,
Бар жанады, жоқ сөнбек,
Кінәң жоқ оған, күмән жоқ,
Күнә ғой сені жек көрмек,
Ойым жоқ сені жек көрмек,
Жек көрген сені текке өлмек,
Жанбасқа батар қабірде,
Тасыңды сенің тепкем жоқ;
Төсіңде сенің – асыл да,
Төсіңде сенің – тасыр да,
Ақылыңды айтшы жер-анам,
Айқасып келген қос ұлға.
Бауырың толы кен деді,
Беруге емес – алуға,
Қазуға ғана терледі,
Алуға ғана шөлдеді,
Желпінді олар жерді де:
«Табанға таптап өткем» деп,
Уранды «тапқан» уралап,
Ғалымның даңқы көкке өрлеп,
Сен едің тұңғыш авторы,
Бәрін де сенен ұрлап ап,
Маңдайы шықса жарқырап,
Саған да төнді-ау, өктем кеп,
Кешірдің бәрін, көтердің,
Қалыпың жоқ тіпті кек көрмек,
Біреулер соны еп көрмек,
Бұйырса тағы... жеп көрмек,
Бауырым менің – жер-анам.
Қара жер саған – өкпем жоқ!
Екінші толғаныс
Даналық көзі сен едің,
Жаңалық көзі сен едің,
Құшағың толы кен едің,
Миллион жылдай жарылқап,
Мұратқа мені кенедің,
Мәңгілік сен де емессің,
Махаббатыммен сеземін,
Дедім бе мен де өспейін,
Дедім бе мен де өстейін,
Ақылдан қалдым кеш кейін,
Қолымды қойып кеудеме,
«Кеш дейін анам, кеш дейін»,
Тартылып қалды өзенің,
Тарылып кетті төскейің,
Қараймын іштей елжіреп,
Қарағай кетті селдіреп,
Қарамай сіңген суларға,
Қарамай кетті ел жүдеп,
Соғады дауыл, жел үдеп,
Қамысты, қопа көлдерім,
«Көл емес енді – шөл дедім»,
Суына сенің шөлдедім.
... Мал болып кеткен аңдарың,
Далада соны аңдадым,
Жолбарыс мысық боп алған,
Жазықта жатыр жайылып,
Жайраңдар қоймен бірге жүр,
Арыстан итке айналып,
Көкжалдар азып қояндай,
Қыраттарда жүр қой бағып,
Тұрымтай тауық секілді
Жемсауы кеткен майланып,
Бүгін де міне, ай жарық,
Жетпей тұр маған қай жарық?!
Жанымда түн тұр – қап-қара,
Жата алмай тұрмын жайланып,
Күдікті ойдан, . , шегі жоқ,
Қарадай басым айналып!
Үшінші толғаныс
Бүкшиген белім жазылмай,
Қазуын қаздық – қазудай,
Экскаваторлардың тістері,
Мамонттан қалған азудай,
Тонналап қазған кендерді,
Жазуын жаздық – жазудай,
Мақтауды сөздық сағыздай,
Жуас түйедей жүндедік,
Жүдедің сен де арудай,
Қалған да жер жоқ қазылмай,
Жалтырап бастың тазындай.
Мақтадық ТЭЦ-тің жалынын,
Ақтадың ГЭС-тің алыбын,
Орманның құртқан тамырын,
Балықтың құртқан жарымын
Бұйрықшыл әкім сөзінің,
Бұзбадық әрбір әрібін,
Бұл күнде соның бәрі мұң,
Қайтадан тапқан қалыбын,
Жаңаша ойлау – жарығым
Жүрекке құйған танымын
Оятқан ойын – баланың,
Оятқан ойын – кәрінің!
Төртінші толғаныс
Атомды айтсам – бұзылам,
Атомды айтсам – қызынам,
Жарылыс түбі – жансыздық,
Жансыздық түбі – заңсыздық,
Заңсыздық түбі – арсыздық,
Сұраңдар елдің – ұлынан,
Сұраңдар елдің қызынан,
Жаз емес жазың – суыған,
Қыс емес қысың – жылыған,
Қорқамын соның сұғынан,
Азонды қабат ыдырап,
Мұздаған бойда жылы қан,
Атомсыз-ақ жаурасам,
Ошақта отқа жылынам
Көрсетпе менің көзіме,
Көтеріп көкке тұмсығын,
Ракеталарды «ұлыған»,
Жарақты жауың қашан да,
Құртам деп жүріп біреуді
Алдымен өзі құрыған,
Қолында қазір – Батыстың,
Қолында қазір – Шығыстың,
Батыс пен Шығыс тіреспей,
Тілменен майда ұғысқын,
Атоммен жылытпа жер бетін,
Сақтайық жасыл келбетін,
Атоммен жылытпа денемді,
Күн көзінен-ақ жылынам,
Қайран да қайран, арман-ай,
Кездігіңді де білмейтін,
Қылышыңды да білмейтін
Қылпыған төкір жүзі қан,
Академиктерге емес, дәл қазір -
Аңқау да аңғал сәбидей,
Аборигендерге қызығам!
Бесінші толғаныс
Тіліңді сенің сұрамас,
Дініңді сенің сұрамас,
Діліңді сенің сұрамас,
Ұлтыңды сенің сұрамас
Руыңды сенің сұрамас,
Жер-ана бізде біреу-ақ,
Сөзіне соның құлақ ас,
«Дұғаңды» оқып ішіңнен,
Шошымай сонда түсіңнен
Таң жарығын түсірген,
Күбір де күбір құс-үнмен,
Таңдарға куә боларсың,
Таң сипатты тап-таза,
Суларға куә боларсың,
Қурамай қалған жап-жасыл,
Нуларға куә боларсың,
Жүрегің сенің торғай боп,
Бұтаққа барып қонарсың,
Бүтіңдік жоқ қой дүниеде,
Бір күні сен де тозарсың,
Тозаң боп сіңіп топыраққа
Тамшы боп қайта тамарсың,
Жер-анаң болса мәңгілік,
Мәңгілік сен де боларсың,
Мәңгілік сен де қаларсың...
Алтыншы толғаныс
Бабам де сенің қойныңда,
Анам да сенің қойныңда,
Балам да сенің қойныңда,
Сендегі өзге қайғым да,
Сендегі өзге қайрым да,
Атақты мейлі – атақсыз,
Адам бол мейлі – арсыз бол,
Қайырымға толы құшағың,
Аласың бәрін қойныңа,
Қарамайсың сен айрымға.
Айрылма содан, айрылма!
Көмесің мейлі, қай тұсқа,
Көмесің мейлі – қай құмға,
Сен ғана жалғыз қайғым да,
Қорласа сені қопарып,
(Шыны ма, әлде, ойыны ма?!)
Кіріп те кеткім келеді,
Жып-жылы сенің қойныңа,
Қаныңа сенің қарық боп,
Қатыгез жандар тойынуда,
Жимайды олар айылын да
Төлей сап салған айыбын да,
Шірене басып шелтиер,
Шырт түкіріп айдынға...
Жым-жырт дала, жайылым да,
Мал біткен шыққан жайылуға,
Пенделер шыққан тойынуға,
Шамам жоқ қазір айыруға;
Күн көзі толы қайырымға,
Жер үсті толы қайырымға,
Айырылма содан, айырылма!
Қарызың менің мойнымда,
Мойнымда сенің айыбың да,
Қақым жоқ сынап, майырылуға,
Қарызыңды өтеп кетермін,
Кіргенше сенің қойныңа,
Қара жер ..., саған өкпем жоқ! ...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу