Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  103


Автор: Мерғали Ыбыраев

Феникс және Сфинкс

(Олжас Сүлейменовке)
Өртеніп жазып, лапылдап айтса әу, баста,
Алара қарап:
- Алжаспа! – деді – Олжасқа!
Айылын жияр Олжас па?!,
- Алжаспасаң – алжаспа!...
Осыдан шықты шын тартыс,
Шапшып шықты қан басқа,
Оттанып мірдей жанары,
Қасқайып Олжас қарады:
Тас адамдар дін аман,
Өртеніп өзі барады!
Отты өлеңдеріме ерімей,
Қалар деп еді, кім аман?!
Тым-тырыс отыр тапжылмай,
«Тап-таза» жандар күнәдан,
Құлаған жан жоқ, дін аман.
Жалғыз-ақ өзі құлаған,
Жылаған жан жоқ, дін аман,
Жалғыз-ақ өзі жылаған,
Жалғыз-ақ өзі – «ақымақ».
Қалғанның бәрі – «ұлы адам»!
Жалғыз-ақ өзі – өтірік,
Қалғанның бәрі шын адам.
Біріне-бірі ұнаған,
Тыныштықты ғана сұраған.
Саулықты ғана сұраған,
Қалғанның бәрі ұлы адам,
Феникс – ақын ертеңді,
Қалғанның бәрі дін аман!
Пирамидалардың қасында тұрған ізетпен,
Перғауымдардың мүрделерін күзеткен.
Сфинс бәрі – тас адам,
Қозғалады олар сол шақта,
Тіріледі олар сол шақта:
Феникстерді үркітіп,
Тас ату үшін тасадан,
Тас милар тастай сол үшін,
Сфинкстерді жасаған,
Сақшысы етіп сақтықтың,
Мәңгілік қолдан қашаған.
Феникс – ақын ертеңді,
Өртенді қара күл болып.
Қайтадан өнді гүл болып,
Тірілді қайта түрленіп,
Жер үстін кезді үн беріп:
- Құл болам! – деді жігітке,
Атадан тусаң ұл болып,
- Күң болам! – деді қыздарға,
Анадан тусаң қыз болып!
Ақиқат жолын ізделік,
Сіз болып және біз болып,–
Феникс – ақын даусы,
Әлемді кезді үн беріп!
Сфинкстер әлі тым-тырыс,
Оларға жат сілкініс,
Оларға жат құлшыныс,
Тас қой олар, тым-тырыс...
Ұнайды мәңгі бұл тұрыс,
Қорықпайды олар оттан да,
Қорықпайды олар тоттан да,
Қорықпайды олар соттан да,
Құтырып дауыл соққанда,
Самолет құлап шатқалға,
Кемелер суға батқанда,
Емендер сынып жатқанда,
Жарылыс атты апаттан,
Жер үсті дірдек қаққанда.
Есіркеп елең қаққан ба?
Оларда түйтік, сезім жоқ,
Сезбейді олар түкті де,
Сезінбейді олар сыну мен,
Бетіне шыққан мүкті де,
Жүрек пен миы әр тастан,
Жаралған олар жартастан,
Оларға жат – мөлшер де,
Оларға жат – өлшем де,
Бәрі бір тағы: сен, сенбе,
Көнбесең осы, көнсең де.
Үндеме дейді – өлсең де,
Көрмеген бол – дейді – көрсең де,
Білмеген бол – дейді – білсең де,
Күйінбе! – дейді – күйсең де,
Cүйінбе! – дейді – сүйсең де,
Сөздері – сағыз олардың,
Жаралған мәңгі күйсеуге!
Феникс басқа, сен басқа,
- Алжаспа! – дейді – Олжасқа!
- Алжаспасаң – алжаспа!
Басталған тартыс әу, баста,
Сфинкстермен санасыз,
Феникстермен марғасқа!
Жүрекке барып құятын,
Қабылдап елдің ұятын,
Пенденің барлық күнәсін,
Арқалап адам мұратын,
Ар атты аппақ жалынға,
Өртеніп өлер шын ақын,
Феникс атты бір ақын,
Ұл болып туған ұлы ақын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу