Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  96


Автор: Мерғали Ыбыраев

Пайда жоқ өкінгеннен

- Жақсының дәйім жауы мың,
Көрмедік біздер «Мен, сен» деп.
Дүние осы... Бауырым,
Бақыл бол!.. – дедің кемсеңдеп.
Өксігі-ай әлсіз ғаріптің,
Ағады көзден жас парлап.
Бағасын ұққан жарық күн,
Бара ма әлде аспандап.
... Келгенмен талай ыңғайы,
Ескерте алмай егілгем.
Жылуы сөнген жылмайы,
Қорқушы едім көзіңнен.
Сөзімді жерге тастамас,
Деуші едім, қайран жақсы аға.
Арыңды саттың баспа-бас,
Алтынға және ақшаға.
Қызыққа тоймай қызынып,
Айықпай және мастықтан.
Тізімнен мүлде сызылып,
Жалаңаш қайттың жастықтан.
Не дейін енді...
Көз жұмсаң,
Бір уыс топырақ бұйырар.
Ағайын-туыс жиылар.
Анаңның қасірет көз жасы,
Омырауына барып құйылар,
«Қимасым» деуге қиналып,
Бауырың сонда бұйығар.
Босатып босқа көңілді,
Не керек енді өкініп.
Сүйе алмай кеткен өмірді,
Қия алмай жылау – өтірік!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу