Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  77


Автор: Мерғали Ыбыраев

Шыңдарға талай шыққанбыз

Биікке талай шыққанбыз,
Басында дауыл, жел тұрған.
Тағдырын гүлдің ұққанбыз,
Үсігі күздің ерте ұрған.
Аядық біздер соларды,
Айналып өтпек болғанда.
Арқаннан ұстап жоғарғы,
Асылып қалдық тауларға.
Тырмыстық келіп әр тасқа,
Табанды тірер түк те жоқ.
Теңселіп тұрдық жартаста,
Қозғалған тірі нүкте боп.
Үміттің сөніп ерке үні,
Үзілген кезде мықты арман.
Аспанның ұшқыр дельфині, –
Ақиық қыран құтқарған.
Сонда да жүрек шайлықпай,
Арқалап дорба бүрмелі.
«Өлесің сорлы, қой-ды» – ұқпай,
Өрмелей бердік ілгері.
Тұрғанда арқан, бау батып,
Гуілін құлақ естіді.
Бірге алып түсті аунатып,
Құлаған қардың көшкіні.
Жүргенде іздеп таба алмай,
Жамылып қарды қалдық біз.
Бораннан шыққан адамдай,
Сілкініп кете бардық біз.
Ерлікпен едік ащына,
Тәуекел – еді сүйіктің.
Ту тігіп едік басына,
Түксиген сонау биіктің.
Сақадай бәрі сай едің,
Сол жылдар өтті құйын боп.
Далаға шықсаң әйелің,
Күңкілдейді енді «киін» деп.
- Қой! – десең жастар қойсын ба,
- Шығамыз! – десе сайланып.
Қараймыз қазір сол шыңға,
Қарадай басым айланып!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу