Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  78


Автор: Мерғали Ыбыраев

Қызға жазылған екі хат

Секілденді, - түсінем,
Көктен түскен жеті қат.
Бір газеттің ішінен,
Сусып түсті екі хат.
Өңі түгіл, түсіне,
Бір енбеген бозбала.
Жазыпты хат ішіне,
«Сүйем!» деген сөз ғана.
Бола қалды ол салмақты,
Ұната ма басқаны?!
Жалғыз парақ сол хатты,
Жанған отқа тастады.
Лап етті де жарығы,
Сөнбей тұрды...
Ұқты қыз.
Сүйген сөздің жалыны,
Болады екен қып-қызыл!..
Екіншісін білетін,
Оқып еді хатты ашып:
«Кісің болса сүйетін,
«Өлтіремін!» - депті ашық.
Бола қалды ол салмақты,
Ұнатама басқаны.
Жан ауыртқан сол хатты,
Жанған отқа тастады.
Қағаздан ба, бар айып?!,
Лап етеді қызарып.
Әрбір әріпі қарайып,
Түтіндеді ұзарып.
Тарта ма әлде затына?!,
Шоқ түскендей мақтаға.
Қызғаныштың оты да,
Болады екен қап-қара!
Ұшқын атып көзі де,
Деді сұлу ойланып.
Қызыл шоққа өзі де,
Бара жатты айланып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу