Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  105


Автор: Мерғали Ыбыраев

Ауыспалы тоқ көзі

Болмаған соң – ақыл-патша, сенім-би,
Ілгері емес, сырғи бердім кері ылғый.
Қайда апарып соғар екен сұмдық-ай,
Ауыспалы тоқ көзіндей көңіл-күй.
Көңіл-күйде болмай қойды бір тұрақ,
Қан шапшыйды шақша сабқа бұрқырап.
Топастардың доң-айбатын көргенде,
Шыңғырады шыбын жаның шырқырап.
Тоқ – көңілім бірде кеміп, бірде өсіп,
Келем әлі бірде жанып, бірде өшіп.
Қалыпы жоқ сөзінің де, өзінің,
Қарайды ел қапы басқан кім десіп.
Қыза келе жанып кеткен жарықтай,
Жарығыма қойдым жұртты жарытпай.
Жүре алмадым анық басып, ақырын,
Акулаға қарсы жүзген балықтай.
Көз бұлдырап, адырайып тамырым,
Қауызына сиғандаймын тарының.
Жаңа күнге, жанып кетпей тұрғанда,
Жетер ме екен, жетер ме екен, жарығым?!
Ойсыз – дыбыс, жайсыз – сыбыс ырқымды ап,
Құлақ бітіп, екі шекем зырқылдап.
Астан-кестең зығырданым қайнайды,
Тоқ шәугімдей тасып жатқан бұрқылдап.
Төңіректі тұмшалаған бу алып,
Қалам кейде қайнай-қайнай суалып.
Еселейін, еріп кетпей тұрғанда,
Дейтін кім бар, құя салар су алып?!
Таразылап соның бәрін ойласаң,
Тарта берер көңіл-күңгірт, бой – босаң.
Бұл тірлікте тағат табар түрім жоқ,
Тұрақты бір тоқ көзіне қоймасаң!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу