Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  104


Автор: Мерғали Ыбыраев

Меңзеу

Сенің де сырын – тұңғиық,
Менің де сырым – тұңғиық.
Қос қара су қашанда,
Бірге ақпайды, бір құйып,
Екеуміз де тұңғиық.
Сенің де суың – мөп-мөлдір,
Менің де сум – мөп-мөлдір.
Желпінтеді – жерден дел,
Жылытады – көктен нұр,
Екеуміз де, мөп-мөлдір,
Екеумізді еріксіз,
Іркіп қалған ойпаң жер.
Сен «Марқакөл» серіксіз,
Мен – жалаңаш «Шайтан – көл»,
Екеуміз де – ойпаң жер.
Нуымыз бен буымыз,
Жеке-жеке бөлініп.
Мәңгі-бақи суымыз,
Қосылмастай көрініп;
Байланыс жоқ нақтылы,
Теңіздермен танысып.
Қайтқан құстар арқылы,
Хабар-ошар алысып;
Қадалатын шұқшия,
Жанарлармен арбасып.
Жатырмыз біз құпия
Жер астынан жалғасып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу