Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  89


Автор: Мерғали Ыбыраев

Ірілер мен ұсақтар

Елп еткенге – жылушырап елп етем,
Осы сезім шындығына серт етем!
Арыстанның ақырғанын елемей,
Кәнден иттің шәуілінен селт етем.
Бәрін біліп болдым деуге ерте екен,
Осы сөздің шындығына серт етем:
Жолбарыстың ырылынан сескенбей,
Қара мысық пырылынан селк етем.
Жақын жүрдім, аулақ жүрмей алты адым,
(Бәлкім соның сазайын да тартамын)
Қанды көзді қабыланнан шошымай,
Қыбырлаған қоңыздардан қорқамын,
Сенесіз бе?
Сенбейсіз ғой, әй, бұған.
(Сенбеген соң сөнер болдым қайғыдан).
Ұлы мұхит толқындарын жатсынбай,
Қара түндей қара судан қаймығам.
Ескерткенде: шын өкініп қалма деп,
Сұп-сұр болып кеткенінде алма бет.
Өзіме-өзім басу айтам, бойымда,
Ірілермен бір ұқсастық бар ма деп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу