Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  98


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Шарықтап көңілі де, қиялы да...

Шарықтап көңілі де, қиялы да,
Қос жігіт жақындады Ұялыға.
Үйінің көлеңкесі суға түскен,
Сүйсініп ауылының сияғына.
Жүрмей-ақ көше бойлай шабан басып,
Біреуге айтқың келсе хабарды ашық,
Қайықпен жүзіп келіп кез келгенмен,
Тұрасың терезеден амандасып.
Аруы кезігерде кекілді ермен,
Айдыннан терезе ашып бетін көрген.
Аулы бар Берікболдың Алакөлде,
Бастапқы Венеция секілденген.
Тұратын таразысын ел күзетіп,
Қабылдау пунктіне ол келді жетіп.
Әр жерде есепші ғып қояры бар,
Көңіл күй есебіне ерді жетік.
Еріңді есепші емес жатқан күндеп,
Салатын әдеті бар аттанды кеп:
– Жігіттер, жол беріңдер Берікболға,
Қайығы батуға да шақ қалды, – деп.
Жағалай амандаса күліп барып,
Шаршаған , ашыққаны ұмыт қалып,
Ортадан жол бергенде жолдастары,
Жымия өткізеді жігіт балық.
Өзінің атақ-даңқын аңдамайтын,
Ешқашан төрден орын таңдамайтын,
Жүлдегер жігіттер бар біздің елді,
Жүрсе аман жанкүйерін алдамайтын.
Сөздерін сөйлемейтін ірі де өктем,
Ерекше бір биязы құдіретпен.
Білемін ұялылық Берікболды,
Осылай озар ердің бірі деп мен.
Сені ойлап жыр жаза алам, толғана алам,
Тигенде құдіретті қолға қалам.
Ақтар деп ел сенімін
Жастайынан
Бір көлдің бетке ұстары болған адам.
Табысын тапсыратын елге кілең,
Ер сыйлы жер мен көкте еңбегімен,
Берікбол Сабдалинов деген атты,
Сондықтан ер аты деп мен де білем.
Шалқарда шаршағанда ол шамалы,
Шашынан аялайды көл самалы.
Ардақты баласына әр күн сайын,
Алакөл толқынымен қол соғады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу