Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  139


Автор: Жұматай Жақыпбаев

ҚАЙЫҚТЫ ШАБАНДОЗ

Ғарыштан ғашық көзбен бағып та ұдай,
Күндіз күн, түнде шамша жарық қып ай,
Шарасын жарқыратып жататұғын,
Шалқыған шетсіз-шексіз, жарықтық-ай!
Жағасы қамыс, жекен, түбі балдыр,
Жас толқын жарыстырған зымыран кіл.
Әзірде Итішпес деп аталғанмен,
Жасылдың үлгісіндей суы да ән бір!
Қашан да ұлан-байтақ, таза әуелі,
Қырының қысы ғажап, жазы әдемі.
Тау, дала, көлі де бар, шөлі де бар,
Байсың-ау, байсынсың-ау, қазақ елі!
Қарық қып жеңсік асқа тау-даланы,
Кіші ауыл, көк түтінді дәу қаланы,
Қазақтың мың сандаған көлдерінен,
Балықтың жүз атасы ауланады.
Көк жасыл лайланбас беті, реңі,
Сазанды, ақ амурлы, бекірелі,
Алакөл толқындары күндіз-түні,
Барлық пен байлығынан секіреді.
Жараған аттай зулап қайықтары,
Болатын бір заматта ғайып бәрі.
Тұнықтың тынбайтұғын адамдары,
Торларын жатқан шығар жайып тағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу