Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  114


Автор: Жұматай Жақыпбаев

ҚЫР ҚАҺАРМАНЫ

I
Түске енді түрлі түсті гүл кей түні,
Құла аттың терісіндей күнгей түгі.
Қуратты қуаңшылық қыр мәзірін –
Кірпігін көп азамат ілмейтіні.
Бостан құс – бозторғайдың енді өзі ойлы,
Тілін де жылдағыдан кем безейді.
Не десін жазираның жырау құсы?!
Бидай да, бидайық та – ергежейлі.
Бұзылды бозда сонау құс ырғағы,
Биыл қыр бөдене де ұшырмады.
Тамызбай емге тамшы бұлт өтеді,
Суалған сиырдайын қысыр, кәрі.
Айналды аңызаққа кәнігі жел,
Түк те жоқ тісін қадап, малың үзер.
Күйеді көгере сап күн өтінде,
Тәуелді бұлтқа бастан тәлімі жер.
Қаңсыған қаңылтыры ащы күнде,
Шаң-тозаң комбайнды басты мүлде.
Сабылып сар даладан кеше қайтқан,
Сабан да жинай алмай, астығың не?!
Күздің де күнде жарыс салты өзгерген,
Озбай тұр озаттың да даңқы өзге елден.
Бәйгеге қосылмайды зор комбайн,
Бәкенге бәсіре ғып колхоз берген.
Жер қуаң, жарымай тұр жауынға аймақ,
Ораққа шыға алмады бабында айдап,
Алтын дән бастыруға жаратылған,
Адамның ауа райы бағын байлап.
Толқыған табиғаттың өнерімен,
Қыр қазір қызылы жоқ көне кілем.
Көкекте дән себілген көп егістік,
Мизамда мысты құртты төлемімен.
Кең мекен Кербұлақтың нағыз ері,
Күрсінді қуаң болып тағы жері.
Бәкенді бәйге жолға шығармаған,
Жаңбырсыз жетпіс бестің тамызы еді.
II
Жер ғажап! Бозыңда да бар ылғалы,
Жел соғып жусан басын тағы ырғады.
Құйды-ай кеп қара нөсер далаға сел,
Майсаны малмандай ғып мамырдағы.
Көгеріп жота-жондар, көктеп төбе,
Сәлем қып қызғалдақтар өкпекке де,
Сайлардан сызашық су жылтылдады,
Үкісін үлпілдетіп көкпек, көде.
Арасы алмайтұғын басын гүлден,
Жағажай құйқылжиды жасыл нұрмен.
Өксіді өзен жақтың ен тоғайы,
Уколша өкпесіне жасын кірген.
Қанған соң неше жылғы қырдың шөлі,
Күнгейдің көз арбады ырғын шөбі.
Өлең-баяндар Бесінші бөлім 279
Бидайы белуардан асқаннан соң,
Бір күн сал бригадир де, бір күн сері.
Көктемде жібіп кепкен кенезесі,
Биіктеп кеткен жоқ па жер өзі осы?!
Көгілдір суреттерді көрсетуде
Бәкеннің экрандай терезесі.
Көкпенен жөңкіліп бұлт өтсе түрлі,
Тамшылар тасқа тиіп көп секірді.
Жаңбырдың сытырынан артық әуен,
Бәкенге жер жүзінде жоқ секілді.
Өткінші өте шықса нөсерлеп аз,
Көшеге көлшік тұрды кешерге қаз.
Егінжай ерен бітік болады деп,
Елдегі есті түгіл, есер де мәз.
Басқанмен балшыққа аяқ баптап анық,
Балағын су майсаға бақта малып.
Бәкен де балаша мәз болып қайтқан,
Бесінде шеберхана жаққа барып.
Дайындық алаңына ағамыз кеп,
Тапты да «Тайбурылын» қарап, іздеп,
Қаңылтыр сауырынан қағып қойды,
«Бәйгеге биылғы жыл шабамыз», – деп.
Бәрібір біліп ертең мұны істерін,
Қалдырмай кейінгіге жұмысты ерің.
Тексеріп шестернясы майлануын,
Түгендеп жетті түгел ключтерін.
Әлі алда бәсекеге шабар таңы,
Шиқылдап мазаны алса – жағар тағы.
Толтырып кетті қазір майқұйғышқа,
Қоймалжың, қою, қоңыр солярканы.
III
Қорыған қызғыштайын жан салып ер,
Қыр үсті, ойдым-ойдым алсары көл.
Алсары айдын толқын жүгіртеді,
Ақсиып қарайды оған тамсанып ел.
«Пай-пайлап» ашылады қаншама ерін,
Таңдай қақ, берекеге тамсан, елім.
Астында Кербұлақтың аспанының,
Жекенше сусылдаған алсары егін.
Көз салшы көркемдікке қырқадағы,
Ұзайды қанша жерге бір танабы.
Көзіңе көрінбейді сары егінде,
Қаракөк қарасора қылтанағы.
Жататын бұлттар да жоқ жайда шұбап,
Шіліңгір шілде күні жайма-шуақ.
Келеді комбайнын еңкілдетіп,
Бәкен де штурвалға жайласып ап.
Сағынған жарыста озар жақсы күнін,
Бәкендей құлшынған ер тапшы бүгін.
Бункерде дәнге толса қызаратын,
Келеді көзін сүртіп датчигінің.
Жүрсек те мамандықты алаламай,
Алған-ау ең мықтысын қалап ағай.
Ғажайып түр-түсі де,
Күлкісі де,
Тері де маңдайдағы баданадай.
Табанмен тежегіштің тілін шіреп,
Қол бұлғап штурвалдан күлімсіреп,
Ертемен екпінді жыл егініне,
Үсенов орақ салды бірінші боп.
Қылтылдап шалғысынан ақ тісі де,
Қалыңға дендей кіре жаткісі де,
Бау түсіп барабанға,
Бадана дән,
Бункердің борай ұшып жатты ішіне.
Бай дала баданадай дән өсірсе,
Қаптады комбайндар, әне, шілше.
Зыр қағып жаткасының қалақтары
Су тиген диірменнің пәресінше.
Қыраңның құлдиласаң ойпаңына,
Ауады жер жайына ой тағы да.
Түскенде Тастыөзекке көбейеді,
Тас басқан комбайнның қойқаңы да.
Тежеусіз техника күші ұнаған,
Тұрмаса штурвалды қысып адам,
Қияда комбайнын төңкеріп ап,
Апатқа алағайым ұшыраған.
Қашарсың қыр қиын деп қайда өкпелеп,
Қиядан өту керек жайлап, демек.
Қыраңда қызыл кеме жүргізуге,
Көз мөлшер, көбіне-көп қайрат керек.
Себілсе жота-жонға егіс деген,
Жасынан комбайнда көп істеген.
Бәкендер бәйге аларын ұшырады,
Сәйгүлік зулатқандай тегіспенен.
Қырдағы кемелердің флагманы –
Бәкеннің комбайны жүр алда әлі.
Егінін екпінді жыл ерте жинау –
Еріңнің есіл дерттей бір арманы.
Таң атып таулы аймақта таң артынан,
Күніне көрсеткіші жаңартылған.
Қырда жүр қуаныштың құшағында,
Құрметтің тақтасынан табар тұлғаң.
Егісте күн күйдірген беті күнгей,
Ауданның таңдандырып өкілін кей.
Күніне орындайды агрегаты,
Нормасын комбайнның екі бірдей.
Орақ сап егінжайға таңнан
мықты ұл.
Ерді оған комбайнерлер
қалған бүткіл.
...Осылай көш бастауды игілікке,
Күніге кім де болсаң арман қып тұр!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу